$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Астанада менигококк инфекциясын жұқтырды деген қауіппен тағы 2 ересек адам ауруханаға жатқызылды

AstanaTV
07.06.2018ж. 20:00
3143
Астанада менигококк инфекциясын жұқтырды деген қауіппен тағы 2 ересек адам ауруханаға жатқызылды

Астанада менингококк инфекциясын жұқтырды деген қауіппен тағы екі адам ауруханаға жатқызылды. Оның бірі хәл үстінде. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бірақ бүгін елдің бас санитар дәрігері аурудың үдемелі кезі артта қалғанын мәлімдеді. Дегенмен министрлік өкілдері әрбір ауруханада инфекциялық блог ашуды жоспарлап отыр. Тілшіміз Дәуренбек Бақдәулет тарқатады.

Дәуренбек Бақдәулет,тілші:

Бүгін таңертең Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер сауалына жауап берген елдің бас санитары өршіген дерттің беті қайта бастағанын айтып, соңғы 4 тәулікте ешбір жағдай тіркелмеді деп мәлімдеді. Алайда, айтып ауыз жиғанша, Астанада екі бірдей науқас менингококк жұқтырды деген қауіппен ауруханаға жеткізілгені мәлім болды. Бірі 80-ші жылғы келіншек. Екіншісі 33-тегі азамат. Дәрігерлер оның жағдайы тым ауыр екенін айтты.

Әйгерім Ардаққызы, Астана қаласы денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі:

6-шы маусым күні қалалық жұқпалы аурулар емханасына екі адам болжамды менингит диагнозымен келіп түсті. Ер адамның жағдайы әзірге ауыр хәлде, реанимация бөлімінде жатыр. Әйел адам емхананың профильді бөлімінде госпитализацияға түсті.

Айта кетейік, екі науқастың да диагнозы әлі расталған жоқ. Нақтысы зертханалық зерттеу шыққан соң белгілі болады. Жуырда елге менингитке қарсы вакцинаның 4 жарым мың данасы жеткізілетіні белгілі болды. Бас санитар дәрігердің айтуынша, бұл елде ауру қаупі жоғары болғандықтан емес, қажылыққа баратындар үшін алынған. Жандарбек Бекшиннің айтуынша, екпенің белгілі бір мөлшері мемлекеттік емханаларға беріліп, бағасы үкімет тарапынан реттелетін болады.

Жандарбек Бекшин, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы:

Біз екінші мәрте жекізетін дәрінің жартысын мемлекеттік мекемелерге берсек деп шештік. Онда баға үкімет тарапынан қадағаланатын болады. Қазір Астанаға 60 доза жеткізілген, жоспарланып отырған дәрінің 600-і Астанаға әкелінеді.

Қарағандыда биыл бір ғана адам менигококк инфекциясымен ауырып, сәуірде тәуір болған. Ауру балалар арасында тіркелмеген. Сондықтан лагерь жұмысы кейінге шегерілмейді. Бірақ "сақтықта қорлық жоқ" деген мамандар лагерьде тексерісті күшейткен.

Күләш Тәжібаева, Қарағанды қаласы №93 мектеп- гимназиясының медбикесі:

«Балаларды асханаға барардың алдында қолын жуғызамыз. Қайнатылған су өздерімен алып келеді. Біздің асханада да қайнатылған су бар. Каждый 3 сағат сайын тексеріп, ауыстырып отырамыз. Температурасын өлшеймін. Егер болса, ата- аналарын шақырып, дәрігерге жібереміз».

Қалада алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары 7 күндік жұмысқа көшірілді. Емханаларда да апта бойы науқастарға кеңес беретін кезекші бекеттер бар. Онда дәрігерлер қауіпті аурудан күдіктенген тұрғындарды қарап, ем тағайындайды. Сондай-ақ өңірге менингококк инфекциясына қарсы вакцинаның 40 дозасы әкелінген. Бірақ мамандардың айтуынша, вакцина алғысы келетін азаматтар саны көп емес.

Ержан Нұрлыбаев, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі:

Мысалы, суық тисе немесе бас ауырса, осы орталықтарға хабарласып, кеңес немесе ақпарат алуға болады. Инфекциялық аурухана мен жедел жәрдем бекеттерінде дүрбелең тумау үшін осындай шара қолдандық.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Бас санитар дәрігер әрбір өңірдегі ауруханаларда 5-10 орындық жеке инфекциялық блог ашуды жоспарлап отырғандарын айтты. Бүгінгі нақтыланбаған екі жағдайды қоспағанда, елде 24 адам менингиттен емделіп жатыр. Оның 12-сі Алматыда. Биыл жыл басынан бері қауіпті инфекциядан 13 адам көз жұмды, оның алтауы - 14 жасқа дейінгі бала.