$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тәтті - сәтті болмай тұр. Шоколод дайындаушының шағымы.

AstanaTV
09.06.2018ж. 20:00
2121
Тәтті - сәтті болмай тұр. Шоколод дайындаушының шағымы.

Қостанай облысындағы Рудный қаласының тұрғыны Елдана Фролова есімді келіншек  үйінде ... шоколад жасайды. Шаһар тұрғындары табиғи өнімді талап әкететін көрінеді. Алайда елде жоқ кәсіппен айналысатын ол, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында берілетін мемлекеттік грантты не үшін жеңбейтінін түсінбейтінін айтып, біздің тілшілерімізге шығыпты. Елдана шағын кәсібінің көкжиегін кеңейтіп - қажетті құрал алып, жұмысшы жалдағысы келеді.Грантқа былтыр құжат тапсырған, финалға дейін жеткен, бірақ қаржыны ақыры алмаған. Дегенмен шоколад шығарушы мойымаған – бизнес жоспарын өзгертіп, бірнеше шеберлік шыңдау курсын тәмамдайды. Сөйтіп биыл грант алуға тағы құжат тапсырады. Бұл жолы құжаттарын қабылдамайды да. Неге? Заңғар Санай анықтап көрді. Тәтті – сәтті болмай тұр...

Бұрын банкте істеген Елдана Фролова екі жыл бұрын шоколад бизнесін қолға алады. Кондитерлік өнімнің негізгі шикізатын Еуропадан әкеледі. Қалғанын түгел өз қолымен жасайды. Кәсіпкер тәтті өндірудің тәсілін ғаламтордан үйреніп, кейбір ақпаратты ағылшын тілінен аударып алған. Табиғи өнімді қалай жасайтынын тәптіштеп айтпады. Алақандай ас бөлмесін шағын шоколад фабрикасына айналдырған келіншек, бизнесін дамытып, ондаған адамды жұмыспен қамтығысы келеді. Алайда...

Елдана Фролова, жеке кәсіпкер:

Былтыр жобамды ұсынғанда бәрі жақсы деді. Бірақ грант ұтқан жоқпын. Неге екенін және кімнің ұтқанын біле алмадым. Екінші рет құжат тапсырғанда қай жерде қателік жібергенімді тағы айтқан жоқ. Жөн сілтеп, қатемді түзетіп жіберсе болады ғой. Қалалық бөлімнің берген тізімі бойынша құжаттарды түгендеп  апардым. Бөлім мамандары облыстық басқармаға тапсыру керек деді. Сөйтіп облыстық басқармаға бір күн қалғанда апарып ем, «есепшотта 10 пайыз жарна бар» деген анықтамаң жоқдеген желеумен тағы қайтарып жіберді.

 Жеке кәсіпкердің табысы отбасына жеткілікті. Ісін ілгерілетіп, кәсібін кеңейту үшін несие алудан да аулақ. Алғысы келгені «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша грант еді, бірақ үміті үзілгендей. Екі рет құжат тапсырып, еш нәтиже болмаған соң.

 Шағын бизнес өкілдері мемлекеттік грантқа жарияланатын байқаудың ашық түрде өтуін талап етеді. Өйткені 3 миллионның кімге бұйырғаны және қандай жобаға берілгені жарияланбайды екен. Байқауды өткізетін кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы да жеңімпаздардың атын атап, артық ақпар бермейтін көрінеді.

Максим Фролов, жеке кәсіпкер:

Байқау ашық түрде өткізілуі керек. Тіпті онлайн байланыста өтуі тиіс деп ойлаймын. Мемлекеттік бағдарлама кәсібін енді бастағандарға қолдау көрсету үшін қабылданды ғой. Бұл мүмкіндікті  моно-қалалардағы жас кәсіпкерлер кеңінен пайдалануы керек емес пе?!

Кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен жеке кәсіпкерлер арасында тығыз байланыс жоқ. Мәселен шалғайдағы шағын кәсіп иелері облыс орталығына барып құжат тапсырады. Құжаты түгел болмаса кері қайтады. Соларды сорлатпай электронды өтінім қабылдайтындай мүмкіндік неге туғызбайды? - дейді рудныйлық кәсіпкерлер.

Заңғар Санай, тілші:

Былтыр облыстағы шағын және орта кәсіп өкілдеріне  30 миллион теңге көлемінде грант бөлінген. Қомақты қаражат  аудан орталықтарында  сұлулық салонын,фитнес-залдарын  ашу, сұйық қалдықтарды өңдеу секілді жобаларға беріліпті. Ал байқауға екі мәрте қатысқан Елдана Фролова неге елеусіз қалды? Бұл сұраққа басқарма басшыларының жауабы дайын екен.

Роза Горянная, Қостанай облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық -инновациялық даму басқармасы басшының орынбасары:

Кәсіпкерлердің көбісі соңғы күндері құжат тапсырады. Біз тіпті биыл құжат қабылдау мерзімін екі аптаға ұзарттық. Соның өзінде кешігіп келгендер көп. Елдана да солай, «үлгерем» деген сеніммен жүрген болуы керек.

Басқарма өкілдерінің мәліметінше, биыл мемлекеттік грант байқауына Тобыл өңірінен 100 адам қатысқан. Бір ай бұрын үміткерлер іріктеліп, 14 жобаға 30 миллион теңге бөлінген. Бірақ оның қандай жобалар екені және неге нақ солар таңдалғаны туралы ақпарат тағы да жоқ...

Заңғар Санай, Ғабиден Жоқышев «Біздің уақыт».