$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа үйдің жертөлесін кәріз суы басқан

AstanaTV
11.06.2018ж. 20:00
3570
Астанада мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған жаңа үйдің жертөлесін кәріз суы басқан

Астанада осыдан екі жарым жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен салынған жаңа үйден шикілік шықты. Елорданың қақ ортасында орналасқан көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесін кәріз суы басқан. Берекесі қашқан жұрт жағымсыз иіске тұншығып отырмыз деп редакциямызға хабарласты. Тілшіміз мән-жайды білді.

Бұл үйдің пайдалануға берілгеніне екі жарым жылдан енді асты. Мемлекеттік бағдарламамен жалдамалы пәтер алған жас отбасылар ай сайын 50 мың теңге төлейді. Сол кезде қолдарына кілтін алып қуанған жұрттың қазір берекесі қашқан. 

Сабина  Мәдиқызы, тілші:

Мұнда тұратын тұрғындар сасық иістен мезі болған. Өйткені 9 қабатты үйдің мына жертөлесі кәріз суына толып тұр. Қазірдің өзінде деңгейі 8 сантиметрге жеткен.

Олар қонақ шақырмақ түгілі өздері үйге кіруден беттерін басады.

Жұмабек  Нұрымбетов, Астана қаласының тұрғыны:

Кенен Әзірбаев 4/1 үйдің бүкіл зардап шегіп отырғаны канализациясның кесірінен. Балаларымыз жиі ауырады. Үйде ауа айналымы жоқ. Терезелер терлейді. Менің өзімнің ремонтым бәрі далаға кетті.

Айнагүл Мантаева, Астана қаласының тұрғыны:

Подвалдан иіс пайда болып жатыр. Бірінші этаждан тоғызыншы этажға дейін барады. Даже ванна туалетке кіргенде, тіс жуған кезде  иіс бәрі ауызға кіреді.

Тұрғындар пәтер иелері кооперативіне шағымданған. Бірақ мұндағы жұрт мәселе 2 жылдан бері шешілмей келе жатқанын айтты. Ал "Астана су" арнасы үйде сасық иістің жайылуына төменгі қабатта заңсыз әжетхана орнатқан кәсіпкерлер кінәлі деп отыр.

Қуаныш Сұлтанбаев, «Астана су арнасы» МКК кәріздендіру қызметінің бастығы:

Жертөлені су басу себебі бойынша ол жертөлелерде унитаз орналастырған жеке кәсіпкер. Сол себепті ол жерге біз іргетастан сыртқа қарай, яғни центральный канализацияны обслуживать етеміз. Жертөлеге доступ бізде жоқ. Оны КСК обслужить етеді.

Санат Әбдімәжитов, «Сарайшық сервис» басқарушы компаниясының директоры:

Дәл осы помещениенің иелері табылды. Кім жұмыс істейді осымен. Дүйсенбіден бастап жұмыстар жасалады. Ішін тазалайды. Дезинфекция жасалады. Ары қарай осындай мәселелер қайталанбайтындай жұмыстардың барлығы жасалады.

Бірақ тұрғындар бүгін жертөледе қандай да бір жұмыс жүргізілмегенін айтады. Үй иелері мәселені түбегейлі шешу үшін аудан әкімінің қабылдауына жазылыпты.