Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шымкентте атылған оқ тұрғындардың тынышын қашырып тұр

AstanaTV
12.06.2018ж. 20:00
4315
Шымкентте атылған оқ тұрғындардың тынышын қашырып тұр

Шымкентте көпқабатты үйдің алпысқа тарта тұрғыны аумақтағы қару-жарақ сататын дүкен мен саудасы қызған қызмет көрсету нысандарының жұмыс істеуіне наразы. Арнамызға арызданған жұрттың сөзінше, атылған оқ пен түн жарымына дейін тоқтамайтын музыка бірнеше жылдан бері маза бермей келеді. Ал соңғы үш жылдан бері іске қосылған монша тұрғындар рұқсатынсыз салынған көрінеді. Ел неге наразы? Нысандар заңды ма? Әріптесім Айзада Төребекқызы тұрғындардың тынышын алған мәселеге үңіліп көрді.

Шымкенттегі Жібек жолы көшесінде орналасқан көп қабатты үй тұрғындарының мазасын алған осы дыбыс. Жұрт таңнан кешке дейін тарсылдаған оқтан құлақ тұнады деп отыр Қару-жарақ сататын дүкенге қарасты тир қосқабатты ғимараттың жертөлесіне орналасқан.

Маржан Егембердиева, қала тұрғыны:

Атқан сайын біздің терезе ашық тұрса да, жабық тұрса да естіледі. Особенно ашық тұрса, балаларды обедтің кезінде тирдің даусынан балалар шошып жылап оянады. Қатты тарсылдап атылған дауыс шығады тирден. Одан кейін қасында домалақ вентиляциясы оның даусы одан да қатты шығады.

Алпысқа тарта тұрғын бес қабатты үй түбіндегі дәмхананың жұмысына да наразы. Айтуларынша, күні бойы мұржадан шығатын түтінге тұншықса, түн жарымына дейін даңғаза әуен бір тынбайды. Тұрғындар бес қабатты үйдің артқы жағынан бой көтерген моншаны да бұзу қажет деп, тиісті орындарға талай шағымданыпты.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Көпқабатты тұрғын үй мен моншаның арасы шамамен 7 метр шығады. Тұрғындар, жуынатын орын үйге тым жақын орналасқандықтан бөлмені ашып желдету де мүмкін емес, дейді. Ең қиыны жазатайым өрт шыға қалса, мұнда арнайы көлік өте алмайды. Көріп тұрғанымыздай жолдың екі беті де жабық.  

Мәди Сапаров,  қала тұрғыны:

Менің терезелерімнің бәрі мына жаққа қарайды. Арғы жақа аулаға менің терезелерім қарамайды. Өрт болған жағдайда, мысалы, не істейміз біз, тұншығып өлеміз сол жерде, сөздің расы.- Қалай салынған сонда бұл баня?- Мен білмеймін, ешкім қол қоймаған... Бізге белгілі болғанындай коммерциялық үш нысан да бір адамның меншігі. Айтуларынша бәрінің құжаты түгел. Нысандар заңды рұқсат алып салынған. Қару-жарақ дүкені, тир мен монша да талапқа сай көрінеді.

Артық Зұлпыхаров, кеңсе менеджері:

Монша мен кафетерий арендаторларға берілген. Ол кісілерге ескерту жасалады, жасаймыз сол тұрғындардың арызы бойынша. Енді қайталанбайды деп сендіре аламыз. Ал бірақ тир, тир магазин сағат 10:00-нан 18:00 -ге дейін жұмыс жасайды.  Тұрғындарға маза беру жағынан мазалау жағынан ешқандай арыз түскен жоқ. Бірақ біз ескереміз. Негізі оқ атуға бейімделген барлық нормативтерге сай. Ол сыртқа қатты естілуі мүмкін емес.

Расында монша, қару-жарақ дүкені секілді нысандардың тұрғын үйге тым жақын орналасуы қаншалықты заңды? Мамандар көп қабатты үй мен монша секілді биік нысандар бір бірінен едәуір алшақ болуы тиіс дейді.

Жеңіс Байымбетов, Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары:

Нормативті талапқа сәйкес, тұрғын үй үш қабаттан асса, қасындағы ғимарат одан 20 метрдей алшақ салынуы тиіс. Аталған нысандардың заңдылығы тұрғындар арызы негізінде тексеріледі. Комиссия құрылып, бас жоспарға сәйкес ғимараттардың орналасу заңдылығын зерделеймізміз. Егер құрылыс кезінде қорғау аймағы, өрт қауіпсіздігі, санитарлық нормативтерді сақтамағаны анықталса, құжаттарды тиісті орынға жолдаймыз.

Дегенмен кәсіпкерлік нысандарды өздігінен тексере алмайтынын алға тартты. Ол үшін жұрт шағымдануы тиіс. Шығатын шудан ығыр болған тұрғындар жақында прокуратураға арызданбақ.