Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Депутаттар: Түркістанды облыс орталығы ету - тарихи шешім

AstanaTV
20.06.2018ж. 20:00
2429
Депутаттар: Түркістанды облыс орталығы ету - тарихи шешім

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысын құрып, рухани астананы облыс орталығына айналдыруы - тарихи шешім. Мемлекет басшысының арнайы жарлығына қатысты депутаттар осындай пікір білдірді. Мәжілісмендер түркі халықтары тарихының бастауы болған Түркістанның өркендейтініне шек келтірмейді. Дегенмен қалада құрылыс қарқын алған тұста көне шахардың өз ерекшелігі, рухы сақталуы тиіс деп санайды. Тіпті басқа қалаларға ұқсамағаны жөн деп отыр. Ал  инфрақұрылым, өндіріс, туризм тағы да басқа салаларды дамыту үшін уақыт, қаражат және білікті мамандар қажет дейді.

Уәлихан Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Түркістанның келешегі үлкен деп есептеймін. Халық саны жеткілікті. Миллион шымкенттіктерді қоспағанда 2 миллиондай халық бар. Статус берілгеннен кейін, менің ойымша, интеллектуалдық орталық болады. Сондықтан мықты, білімді азаматтар жиналғаннан кейін дамуына септігін тигізеді деп ойлаймын. 

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" фракциясының жетекшісі:

Шымкент әрі қарай да өркендей беретін болады. Ал Түркістан дамудың даңғыл жолына түседі. Әрине, қалада жылжымайтын мүлік саласында тербелістер болады. Мемлекеттік орган қызметкерлері пәтерлерді жалға алып, қонақ үйлерде тұрады. Астанадан кейін көшу қалай болатынын білеміз. Үй құрылысы, инфрақұрылым дамиды. Бұдан барлығы ұтады.

Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Алаш үшін, қазақ үшін бұл қуанышты жағдай деп ойлаймын. Себебі ақ түйенің қарны жарылып, қазақстандықтардың көбейгенінің өзі - бір төбе. Үлкен бір тарихи сәт деп баға беруге болады. Өрісіміз кеңейіп, қанатымыз жайылып жатқандығы еліміздің тұғырлығы, жеріміздің ғұмырлығы деп білемін.