$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Түркияда президент пен парламент сайлауы алғаш рет бірдей өтті

AstanaTV
25.06.2018ж. 20:00
3772
Түркияда президент пен парламент сайлауы алғаш рет бірдей өтті

Алғаш рет ел тарихында президент пен парламент сайлауы бір мезгілде өтті. Нәтижесінде қазіргі басшы Режеп Тайып Ердоған сайлаушылардың басым дауысын иеленіп, айқын жеңіске жетті. Сондай ақ ол басқаратын Әділет және даму партиясы да билік басында қала бермек.

Режеп Тайып Ердоғанның жақтастары жеңістерін тойлап жатыр. Қазіргі президент сайлаушылардың 52 пайыздан астам даусын жинап, сенімді жеңіске жетті. Осылайша сайлаудың екінші туры өтпейтін болды. Түркия халқы басшыларына сенетінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Айта кетерлігі, бұл қорытынды 4 жыл бұрын өткен сайлаудағы көрсеткішпен ұқсас. Ол кезде Эрдоған электораттың 51 пайыз дауысына ие болған. 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Осы сайлау арқылы демократиялық революция жасап отырмыз деп айта аламын. Президенттік басқару жүйесін енгізе отырып, Түркия өз деңгейін бұдан да биікке көтеріп, заманауи қоғамнан жоғарылай түседі. 

Ал Ердоғанның басты қарсыласы - оппозицияшыл Мухаррем Индже - сайлаушылардың 31% даусын жинады. Сайлау қортындысы бойынша Стамбұл тұрғындарының пікірі қақ жарылған. Сенімді жеңіске жеткен басшыны біреулер қолдаса, енді бір топ жақтап отырған жоқ. Дегенмен сайлаудың қорытындысын сандар-ақ айтып тұр. 

Жаңа жүйе тұрақтылық орнатып, саяси толқуларды тоқтатады. Түркияға жаңа жол ашатын мықты үкімет жасақталады.

Түркия өте әдемі мемлекет, мен осында тұрғым келеді. бірақ жыл өткен сайын мұнда тұру қиындап барады. Әйелдердің құқығы сақталмайды. Ал білім беру жүйесі сын көтермейді. 

Жалпы сайлау барысы тыныш өткенімен, заңбұзушылықтар да болмай қалмады. Кейбір сайлау учаскелерінде, мәселен Суруч уезінде, бюллетендерді тастау әрекеттері тіркелген. Полиция бюллетень толы қаптары бар үш адамды тұтқындады. Ал түрік оппозициясының басшысы Кемал Кылычдароғлы көптеген заңбұзушылықтар туралы айтып шағымданды.

Кемал Кылычдароғлы, Республикалық партияның жетекшісі: 

Оңтүстік Шығыс Түркияда шағымдар бар, алаяқтық фактілері тіркелді. Мен барлық азаматтарды өз міндетін абыроймен атқаруға шақырамын. Біздің байқаушылар барлық бұзушылықтарды тіркеп отыр.

Президенттік сайлау жақсы көрсеткішпен аяқталса, парламент сайлауында айтарлықтай басымдық тіркелмеді. Президенттің әділет және даму партиясы 43 пайызға ғана жете алды. Басшылық коалиция құру үшін енді оларға ұлттық қозғалыс партиясымен бірігуге тура келеді. Түрік басшысы үшін тағы бір жағымсыз жаңалық - парламентке күрдтердің халықтық-демократиялық партиясы да өтіп кетті.

Әділ Гур, A&G  зерттеу орталығының қызметкері:

9,9% немесе 10% дауыста айырмашылық бар. Енді халықтық-демократиялық партия парламентте 66 орын ала алады. Бұл дегенің - үлкен күш.

Билік басындағы 16 жылда, премьер-министр, президент болғанда да Режеп Тайып Ердоған сайлауда бір рет те сүрініп көрген жоқ. Ал осы жолғы сайлау Ердоғанның билігін кеңейте түсті. Енді президент министрлерді парламенттің келісімінсіз, өзі ауыстыра беру құқығына ие. Биліктегі жаңа мүмкіндіктер қазіргі басшыға инфляциямен тиімді күресуге мүмкіндік бере ме? Түрік ақшасының бағамын көтеруге, батыспен ара қатынасты түзеп, сыртқы мәселелерді реттеуге септігін тигізе ме? Әзірге сарапшылар мұны нақты болжай алмайды. Ал президенттің өзі бұған дейін жіберген қателіктерін түзеуге уәде берді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ