$541.45 €631.17 ₽6.78
×

«Бәйтерек» ҰБХ қызмет түрлерін толықтай цифрландыруға көшіруде

AstanaTV
29.06.2018ж. 20:00
3126
«Бәйтерек» ҰБХ қызмет түрлерін толықтай цифрландыруға көшіруде

"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі қызмет түрлерін толықтай цифрландыруға көшіруде. Тұрғындарға мұның шарапатын көретін күн алыс емес. Жаңашылдық алдымен "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" жұмысына қатысты. Сандық жүйенің арқасында баспана кезегін бөлу ісі барынша ашық жүргізіледі деген сенім бар. Ал бизнес иелері мемлекеттік қолдауды "бір терезе" қағидасы бойынша ала бастайды.

Заманауи сандық жүйенің пайдасы орасан. "Бәйтерек" қазақстандықтар үшін «электронды қабылдау» сервисін қарастырмақ. Соның арқасында өтінім беру жеңілдейді. Әлдебір шенеуніктің құжаттарды жоғалтып немесе ұмыт қалдыруы сынды адами факторлар болмайды. "Электронды келісім шарт" жобасы жасалуда. Нәтижесінде бүкіл процестің жүзеге асуы бұрынғыдай 10 емес, 5 жұмыс күнін құрайды. Брифинг барысында "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің"  7-20-25 бағдарламасына қатысуы туралы да айтылды  

Әнуар Омарқожаев, "Бәйтерек" ҰБХ АҚ" басқарма төрағасының орынбасары:

Алдағы үш айда банк 7.5 млрд теңге қаржы дайындап отыр несие тарату үшін, ол 300 несиеге жетеді. "ТҚЖБ" бұл ақшаны баспана ипотекалық ұйымына тапсырады, қолға тиген ақшаны қайтадан несиеге жаратады.  Президент Жолдауын іске асыру шеңберінде «бір терезе» қағидасын қолдану арқылы бизнесті мемлекеттік қолдау маңызды. Осы процесті жүзеге асыруда цифрландыру жүйесі кеңінен қолданылады. Бүгінде  «Бәйтерек» холдингінің  2018-2023 жылдарға арналған цифрландыру стратегиясы жүзеге асырылуда. Онда қызметтердің негізгі алты бағыты мен жиырма нақты цифрлық қадамы белгіленді.

Әнуар Омарқожаев,  "Бәйтерек" ҰБХ АҚ" басқарма төрағасының орынбасары:

«Digital Baiterek» жобасын іске қосудың арқасында  бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру жүзеге асып келеді. Бүгінде 19 қызмет түрі автоматтандырылған - бұл барлық қызметтердің 70%-ы. Бірнеше жылдан бері цифрландыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің тиімділігі мол. Холдингтің «электрондық үкімет» порталы шеңберінде бизнесті қолдау бойынша оң тәжірибесі бар.

Цифрландыру жүйесі холдингтің жұмыс тиімділігін арттырады. Қаражат пен уақыт үнемдеуге, азаматтардың түрлі қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Толықтай цифрландыруға көшу арқылы бірыңғай сандық экожүйе жасау көзделген.