Adv pic
$473.22 €506.11 ₽4.9
×

Оңтүстік Қазақстанда осыдан екі апта бұрын жоғалған студент қыздың мәйіті табылды

AstanaTV
24.05.2016ж. 20:00
2180
Оңтүстік Қазақстанда осыдан екі апта бұрын жоғалған студент қыздың мәйіті табылды

Оңтүстік Қазақстанда осыдан екі апта бұрын жоғалған студент қыздың мәйіті табылды. Сарыағаш ауданындағы Бағыс ауылы маңына көмілген 18 жастағы Әйгерім Оспанбекованың денесін ауыл тұрғыны тауып, полицияға хабарлаған. Марқұмның қол-аяғы белбеумен байланыпты. Сот-сараптамалық нәтижесі жәбірленушінің кеуде тұсынан алған жарақаттан көз жұмғанын көрсеткен.

Күдікті қамауда. Сарыағаш ауданының 26 жастағы тұрғыны бұрын бұзақылық жасағаны үшін сотты болған. Тергеу басқармасы бастығының айтуынша, сезікті адам тасымалдаумен айналысқан. Сол күні оның көлігінде Әйгерімнен бөлек, өзге де жолаушылар болған. Тек олар Шымкентке жетпей, жолай түсіп қалған.

Нуриддин Дауылбаев, ОҚО ІІД тергеу басқармасының бастығы:

Күдікті адамнан жәбірленушіден ұрланған айғақты заттар тәркіленіп алынды. Қазір ол өзінің қылмысын мойындап отыр. Ол күдіктінің түсіндіруі бойынша «автокөлігім Шымкент қаласына кіре берісте бұзылып қалды, сол кезде қыз маған дөрекі сөйлеп, екеуміздің арамызда жанжал туды» деп айтып отыр. Бірақ нақты себебі әлі тергеу барысында анықталады. 

Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде оқитын Әйгерім Оспанбекова 10 мамыр күні түс ауа Сарыағаш қаласынан көлікке отырған. Алайда қалаға жақындағанда өзі мінген таксидің бұзылып қалғанын айтып, жүргізушіден қорқып отырғанын құрбысына ұялы телефон арқылы хабарлаған. Содан кейін із-түссіз кеткен 18 жастағы студентті туған-туыстарымен бірге еріктілер де іздеп таба алмаған болатын. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ