Adv pic
$474.47 €503.51 ₽4.88
×

Астана қаласында жақын арада жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері берілмейді

AstanaTV
24.05.2016ж. 20:00
1294
Астана қаласында жақын арада жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері берілмейді

Астана қаласында жақын арада жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері берілмейді. Астана әкімдігінің мамандары бүгін осындай ресми ақпарат таратты. Себебі  Астанада тегін жер алу үшін арыз бергендердің қатары күрт артқан. Соңғы аптада әкімшілікке осындай 2 мыңнан астам арыз келіп түскен. Оның сегіз жүзге жуығы кеше ғана тапсырылған екен. Астана қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы Төлеуғазы Нұркеновтың мәліметінше, қазіргі кезде Астанада 103 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр. Елордада 2030 жылға қарай 15 мың жер учаскесі берілуге тиіс болса, сұраныс 7 есе артық.

Төлеуғазы Нұркенов, Астана қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы:

Нақты айтылған Алматы, Астана тағы да басқа аумақтарда жер беру биыл жоспарланбайды. 2016 жылы ондай жоспар жоқ. Халық оны нақты дұрыс түсінбей, сол өтініш беріп жатыр. Біз енді анықтама беріп, жұмыс жасап, ушықтырмай өтініштер қабылдап жатырмыз.

Әкімдіктегілер халық Ұлттық экономика министрлігі таратқан ақпаратты дұрыс түсінбеген деп отыр. Ол хабарламада жер учаскелері биыл Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында берілетіні айтылған. Алайда, Елорда әкімдігі алдында арыз беруге келген адамдардың саны күрт артқан.

- Таныстарымыздан, туыстарымыздан естідік, осылай жер беріп жатыр деп. Телевизордан естідік.

- Енді бір үмітпен бере ме деп келіп тұрмыз. Таңғы 6-да шыққанмын. 664 болып жазылдым. Таңертең таңғы 7-ден бері.

- Маған қызым звондады. Сағат 10-да, содан бері тұрмын.

Берік ХАСЕНОВ