Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Вазар» дәрісі қайтарылып жатыр

AstanaTV
17.08.2018ж. 20:00
3038
«Вазар» дәрісі қайтарылып жатыр

Құрамында валсартан бар препаратты қабылдаған 12 мың қазақстандықтың екеуі рак ауруына шалдығуы мүмкін. Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы директорының орынбасары осылай деді. Бұған дейін фармацевтер қан қысымы жоғары науқастарға "Вазар" препаратының 3 миллионға жуық түйірі таратылғанын айтқан еді. Науқастар күдік тудырған дәрінің қаншасын қайтарды? Ал олардың денсаулығы тексеріле ме? Ғалия Мұхамбетқызы тарқатады.

Есен Сапарәлиев - дәрігерлер дабыл қаққан дәл сол 80 мг-дық "Вазар" препараттын қабылдаған азаматтардың бірі. Қан қысымы жоғарылығына байланысты препаратты нұсқаулықпен екі жылдан бері ішеді. Денсаулығына алаңдаған ол мамандар екі жыл бұрын елге енген дәрінің құрамын қалайша зерттемеген дейді. 

Есен Сапарәлиев, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мен ол дәріні ішкеніме екі жылдан асып кетті. Сонда тексермесе, әлемдік деңгейде дабыл көтермесе, біз сонда ішіп жүре береміз бе? Оны неге тексермеген? Оның орнына қандай дәрі береді? Оны да іше берсек, бір күні одан да шығып қалса, ол қалай болар екен, соны түсінбедік.

Даудың басы Даниядан басталған. Ондағы дәрігерлердің дабылынан кейін құрамында валсартаны бар кейбір препараттардың қатерлі ісік тудыру қауіпті бар екендігі туралы ақпарат желіні жаулады. Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығындағылар оны өндірушілердің өзі айтты дейді. Қытайлық компания екі жыл бұрын валсартаны бар препараттың кейбір серияларын өндірудің жаңаша тәсілін ойлап тауып, оны нарыққа шығарып болған соң, құрамында қауіпті қоспа барын анықтаған. Мұны 12 мың қазақстандық қабылдап келген.

Арнұр Нұртаев, дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы директорының орынбасары:

Егер де адам 7 жыл бойы үздіксіз өте жоғары саналатын 320 мг-дық валсартанды қабылдаса, 5 мың адамның біреуінің ғана қатерлік ісікке шалдығу қаупі бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша Қазақстанда валсартанды шамамен 12 мыңға жуық науқас қабылдаған. Яғни 2 адамға қауіп тудыруы мүмкін. Фармацевтиканың өзінің ережесі бар. Қауіпті қоспа табылған жағдайда тексеру жұмыстарын жүргізеді. Қазақстандық тарап қазір ЕМА, FDA ұйымдарынан жауап күтіп отыр.

Елде қатерлі ісік жасушаларын қоздыратын күмәнді 3 препараттың біреуі - "Вазардың" 3 миллионға жуық түйірі таратылған. Астанада науқастарға 9 мың түйірі берілсе, оның 8 мыңы кері қайтарылған. Ал ел бойынша 1 миллион түйірі алыныпты.

Айнұр Маймақова, Шымкент қалалық №3-ші емхананың дәрігері:

Поликлиникаға 80 упаковка берілген. "Вазар 80" препараты жөнінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Оларды қайтарып алып жатырмыз. Оны қолданған науқастарды шақырып оларға көмегімізді айтып, дәрілерді қайтарып алып жатырмыз. Және ол науқастарды бақылауда алып жатырмыз.

Бүгінгі таңда "СК-Фармация" валсартанның 160 мг-дық «Вальсакор» атауымен препаратын сатып алды. Қан қысымы жоғары науқастарға инфаркт пен инсульттің алдын алу үшін орнына алмастырғыш перапаттар беріліп жатыр.

Татьяна Кириченко, дәріханалар желісінің қызметкері:

Тұтынушыларға«Вальсакор», «Ванатекс» сынды алмастырғыш дәрілерді ұсынып отырмыз. Бағалары да сол секілді, шамамен 3800, 3500 дегендей. Бұл баға өндірушілердің қойған бағасына байланысты өзгеріп отырады. Бір қызығы оның құрамы да, сапасы да тура сол «Вазар» препараты секілді валсартан бар.

Ғалия Мұхамбетқызы, тілші:

Дегенмен қазақстандық мамандар дәрінің қаупі жоғары емес деп отыр. Өйткені оның нақты қатерлі ісік тудыратыны дәлелденбеген. Қазір мұны Еуропалық агенттік пен АҚШ-тың дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Олжас НҰРЖАҚЫП, Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ