Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Жыл басынан бері елде 186 адам суға кеткен, оның 65-і бала - Ю.Ильин

AstanaTV
19.07.2018ж. 20:00
3765
Жыл басынан бері  елде 186 адам суға кеткен, оның 65-і бала - Ю.Ильин

Жыл басынан бері елде 186 адам суға кеткен. Оның 65-і бала. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлімдеді.  Ал Астана қаласының маңындағы Нұра-Есіл каналында тек осы айда 9 өлім тіркелген.  Құтқарушылар бүгін таңертең тағы бір 14 жасар баланың мәйітін алып шықты. 

Нұра-Есіл арнасы. Бұл жерде 9 адамды су жұтты. Бұған дейін қасына екі қызымен кілем жууға шыққан келіншек бір отбасын зар қақсатып кеткен еді. Құтқарушылар үш адамның өлімін былай топшылайды.

Эльдор Райымбеков, Астана қаласы ТЖД бөлім басшысы:

Бұл кісілер кілемді тартады, ал ол сумен ауырланды, содан, мүмкін, қыз құлаған шығар. Қыз құлаған - ол паника. Содан оның артынан анасы секіруі, мүмкін, құтқаруға. Ал олар малту білмейтін шығар. Содан олар бір-бірінің үстіне шығып-шығып, қайтыс болуы мүмкін.

Көлік, кілем жууға, тіпті балық аулауға болмайтыны туралы ескертпе ілінген. Бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Сорақысы сол, қайғылы жағдайдан сабақ алғандар жоқ. Бүгін таңертең біреудің әлдилеп отырған 14 жастағы ересек баласы тағы су астынан табылды. Ол балық аулаймын деп басын қатерге тіккенін байқамай қалған.

Бақытгүл Нысанбаева, «Палиот» саяжайының төрайымы:

Төрт баласы бар деді. Ересек ұлы бар, сосын қыз бала. Мынау үшінші ұлы. 14 жаста, барғанда, тәтелеп алдымнан шығатын. Әкесі тәулік бойы жұмыс істейді. Анасы күні бойы жұмыста.

Құтқарушылар ата-ана баласына қарамайды десе, ата-ананың көбі тіршілік қамытын киіп, босай алмай жүргендер дейді тұрғындар. Мұнда елдің түкпір-түкпірінен келіп, саяжай жалдап, жұмыс істейтіндер көп. Суға кеткендердің де көбі жан-жақтан келгендер. Мұнан бөлек әдеткі спирттік ішімдікке тойып алатындар да жетерлік.

Әлинұр Мұратбек, ерікті:

Шомылуға болмайтын жерлерде көптеген ата-аналармен балалар да жүзіп жүреді. Оларға ескертсек те, олар тыңдамайды. Және де адам көп жүргенімен қоймай, ішетін адамдар көп.

Әлинұр - еріктілер тобының мүшесі. Күнделікті сағат 12-ден кешкі сағат 6-ға дейін каналды шарлап, тәртіпті қадағалайды. Мұнан бөлек құтқарушылар да тәулігіне бір мәрте тексеру жүргізеді. Соның өзінде құқық бұзатындар көп. Оларға  рұқсат етілмеген жерге шомылғаны үшін 2-4 АЕК аралығында айыппұл салынады. Сонда да шараның тиімділігі байқалмайды.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Шомылу маусымы басталғалы бері тек Астана қаласында 15 адам суға кеткен.  Оның барлығы рұқсат етілмеген жерде шомылу салдарынан болып отыр. Көпшілік суға шомылуға болмайды деген ескертпені елемек түгілі, сындырып, суға тастап кетеді екен.

Жыл басынан бері 186 адам суға кеткен. Оның 65-сі бала. Қаза болғандардың 85 пайызы шомылу маусымы кезінде қайтыс болған. Қайғылы жағдай көбіне демалыс және мереке күндері болатын көрінеді.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер вице-министрі:

Дәл бүгінгі күнге тоқталсақ, жағдай былай. 186 адам суға кетті, оны 65-і бала. Бұның 85 пайызы биылғы шомылу маусымында болған. Ал қалғаны - жыл басынан бергі ақпарат. Не де болса да, ата-аналар өз балаларына мұқият болмаса, бұл қаралы тізім азаймайды.

Суға кеткен балалардың көбі 3 пен 10 жас аралығындағылар. Сондықтан ата-аналар оларды назардан тыс қалдырмау керектігін ескертеді.