Елбасының
пәрменімен құрылған Еуразия ұлттық университетіне бүгін 20 жыл толды. Мерейлі
мерекеге орай биік белестерден көріне білген білім ордасында алқалы жиын өтті.
Келелі
кездесуге үкімет пен парламенттің қос палата өкілдері, еліміздің ЖОО
ректорлары, дипломатиялық елшілер, қоғам және мемлекет қайраткерлері және тағы
да басқа мәртебелі меймандар келді. Мінберден сөйлеген қонақтар ұлттық
университеттің жиырма жылда жеткен жетістіктерін баяндады.
Әлемнің беделді
білім ордаларымен иық тіресіп тұрған Еуразиялық ұлттық университетінде қазіргі
кезде 13 факультет жұмыс істейді. Олардың әрқайсысында есімі әлемге танымал, еңбектері
том-том кітап болып жазылған профессорлар мен ұстаздар еңбек етуде. Жоғарғы оқу
орнын мерейтоймен құттықтаған Мемлекет басшысының хатын Мемлекеттік хатшы
жеткізді.
Гүлшара
Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
Мәңгілік
ел болуды мұрат тұтып отырған елімізге арнап білікті мамандар даярлауда
астаналық университетті әрдайым алғы шептен көруге үміт артамын. Университетке
жарқын болашақ, ұстаздар қауымы мен студенттерге сәттілік пен табыстар тілеймін.
Нұрсұлтан Назарбаев.
Берік ХАСЕНОВ