Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

SCAT әуе компаниясының апатты жағдайда қонған ұшағына байланысты тергеу жұмыстары басталды - ҚР ИДМ

AstanaTV
27.07.2018ж. 20:00
2682
SCAT әуе компаниясының апатты жағдайда қонған ұшағына байланысты тергеу жұмыстары басталды - ҚР ИДМ

SCAT әуекомпаниясы ұшағының апатты жағдайда қонуына байланысты тергеу жұмыстары басталды. Бұл туралы Инвестиция және даму министрлігі авиациялық және оқыс оқиғаларды тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов айтты. Ал ақаудың қалай, неден пайда болғанын арнайы мамандар анықтайды. Оның қорытындысы шамамен 2-3 айда белгілі болмақ.

Нұрлан Жұмасұлтанов, ҚР ИДМ авиациялық және оқыс оқиғаларды тексеру басқармасының басшысы:

Бұл жерде кімнің кінәлі екенін дөп басып айту қиын. 50-де 50. Яғни техникалық себеп пе, жоқ ұшқыштың кінәсінен бе - ол комиссияның тексеруі барысында белгілі болады. Қазір тергеу жұмыстары басталды. Бастапқы айғақтарды жинап жатырмыз. Ал қара жәшікті шетелдік мамандармен бірлесіп зерттейтін боламыз. Қажеттілік туындаса, әуе кемесін құрастырушылардың да көмегіне жүгінеміз. Жұмыстар толық аяқталғаннан кейін толық мәліметті жария етеміз.

Алматы әуежайына апатты жағдайда қонған ұшақ Мысыр мемлекетінің Хургада қаласынан ұшып шыққан. Боинг-757 бортында 9 экипаж мүшесі мен 233 жолаушы болған. Қону кезінде әуе көлігінің артқы бөлігі ұшу-қону жолағындағы жерге тиген. Абырой болғанда, адамдар дін аман. Ал ұшақ қожайыны SCAT әуекомпаниясы аталған жайтты растап отыр. Ондағылар осы оқиғадан кейін штаттық режімдегі жұмысқа көшкендігін айтады.

Виктория Старожилова, SCAT әуе компаниясының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:

Хургада-Алматы бағытындағы 5038 рейсінде ұшқан ұшақ екінші шеңбер жасау кезінде құйрығы жерге тиіп кетті. Оған қарамастан, ұшақ сәтті қонды. Зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. Әуекомпания штаттық режімде жұмысын жалғастырып жатыр. Ал аталған оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүргізілу басталды.