Негізгі / Жаңалықтар / Шымкентте жабайы саудасы қызған орын тазаланып жатыр

Шымкентте жабайы саудасы қызған орын тазаланып жатыр

Шымкентте бүгін "Орталық қырғы базар" маңында заңсыз сауда орындарына қатысты шу шықты. Құқық қорғаушылар, шенеуніктер мен саудагерлер бір мәмілеге келе алмай қызыл кеңірдек болды. Себебі ұзақ жылдар осында саудасы қызған дүңгіршектерді бұзу туралы жуырда сот шешімі шыққан. Енді саудагерлер екі күн ішінде бұл жерді босатулары керек.

-Біреудің мүлкіне қол сұғуға әкімнің ешқандай правасы жоқ!

-Екі күнде не жинап әкетеміз, қалай, не жинап әкетеміз. Көмектесіңіздерші!

Бұл маңда отыздан аса пластикалық дүңгіршек бар. Одан бөлек жағалай отырып сауда-саттықтың көрігін қыздырғандар да аз емес. Дені азық-түлік пен бау-бақша өнімдерін сатады. Саудагерлердің сөзінше, оларға сауда қатарының түбегейлі бұзылатыны өткен жұмада ғана ескертілген. Соған қарамастан күшпен сүрілетін болғандықтан, олар сату нүктелерін өздері бұзып алуға кірісті. "Отбасын осы жердегі табыспен асырап отырмыз" деп жыларман болған жұрт биліктен тым болмаса жиырма күн мұрсат беруді сұрады. Ал әкімдіктің дерегінше, Төлеби көшесіндегі сауда қатары заңсыз жұмыс істеп келген. Оның үстіне қаланың көркін бұзып тұрғанын алға тартқан. Мақсат - мегаполистегі жабайы саудаларды ретке келтіру. Ал сатушыларға өздері қалаған базардан орын берілмек.

Фарида Нұрымбетова, саудагер:

Біз мына жерді әдемілеп соғып береміз дегенге, кредитке аппарат алдық, товар алдық. Бутик соқтық. Енді міне істеп отырғандары. Патент төлейміз.

Еркінай Нарматова, сатушы:

Ай сайын 100 мың төлейміз. Алдын ала төлеп қойғанбыз. Ендігі айдың бесіне бітуі керек ол. Әкімге барып айттық, тым болмаса, 1 ай тұрайық, мектепке балаларымызды киіндіріп алайық дедік. Не оған көнбейді, жиырма күнге де көнбейді.

Нұрлан Бектұрсынов, Шымкент қаласы Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Жердің өзі мемлекет тарапына 2015 жылы рәсімделді. Мемлекет тарапындағы жер бұл. Қатар иелеріне оларға сотқа шағымданды, ЖКХ тарапынан. Қазір аудан әкімі, қала әкімі базарлармен бірге келісім жасаған. Оларға үш айға дейін тегін орындар берілуде.