Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қазақстанда алғаш рет жасалған үш фазалы сепаратор Қарашығанаққа жеткізілді

AstanaTV
30.07.2018ж. 20:00
3681
Қазақстанда алғаш рет жасалған үш фазалы сепаратор Қарашығанаққа жеткізілді

Бүгін Қарашығанаққа бірегей технологиямен жасалған үш фазалы сепаратор әкелінді. Бір қуанарлығы, жаңа қондырғы алғаш рет Қазақстанда жасалып отыр. "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" компаниясы отандық "Белкамит" және «АтырауНефтеМаш» кәсіпорындарына арнайы тапсырыс берген. Мамандар мұны Қарашығанақ пен отандық кәсіпорындар арасындағы әріптестіктің жемісі деп бағалады.

Сепаратор күкірттің тотығуына шыдас беретін, ең төзімді металдан дайындалыпты. Ауыр, әрі күрделі құтының қалыңдығы 71 миллиметр. Оның 5 миллиметрі жабынды қабат.

Бақытжан Досқазиев, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» жергілікті үлесті дамыту менеджері:

Бүгін "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" компаниясының жергілікті машина жасау зауыттарына берген тапсырмасының үлгісін көріп жатырмыз. Мұндай күрделі және ауыр құтылар Қазақстанда алғашқы рет жасалып жатыр. "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" компаниясы одан әрі қарай қазақстандық өндірушілердің тапсырыс беруіне жұмысын жалғастырады.

Мұнайға қажетті алып құтыны жасау үшін «АтырауНефтеМаш» компаниясы басшылығы аса ыждағаттылықпен келген. Әсіресе, өндіріске қабырғасы қалың металлды дәнекерлеу процесін жаңадан іске қосыпты.

Валера Мясников, «АтырауНефтеМаш» ЖШС бас директорының орынбасары:

«АтырауНефтеМаш» зауыты Қазақстанда алғаш рет Қарашығанақ Петролиум жобасы үшін үш фазалы сепаратор жасап шығарды. ASME халықаралық стандартына сәйкес. Бұл сеператордың ерекшелігі - қабырғасының қалыңдығы 71 миллиметр. Оның 5 миллиметрі жабынды қабат. Бұл өте жоғары күкіртті ортаға төзімді.

Қарашығанақ Петролиум компаниясы отандық кәсіпорындардың алдыңғы қатарлы технологиясын дамытуға барынша мүмкіндік береміз деп отыр. Айта кетейік, аталған жобада отандық тауар, жұмыс және қызмет көрсетуді сатып алудың үлесі 6,7 млрд АҚШ долларынан асты.