Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қырғызстандағы тас көшкінінен зардап шеккендерді елге жеткізді

AstanaTV
31.07.2018ж. 20:00
1576
Қырғызстандағы тас көшкінінен зардап шеккендерді елге жеткізді

Қырғызстандағы тас көшкіннен қаза болған азамат - Алматы қаласының тұрғыны. Бүгін оның мәйіті елге жеткізілді. Зардап шеккен 6 адам да Қазавиақұтқару тікұшағымен Қазақстанға жетті. Олардың арасында ресейліктер де бар. Тілші тарқатады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Бүгін сағат 12-лер шамасында  Қазавиақұтқару тікұшағы зардап шеккендермен бірге «Манас» әуежайынан шығып, түскі бір жарымда Алматы әуежайына келіп қонды. Оқиға Бішкек қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Скрябин мұздығының аумағында болған. Бір топ турист тас көшкінінің астында қалып қойған.

Қырғызстан тарапы Қазақстанның әуе көлігін жіберуін сұраған. Бүгін 9 адамнан құралған жедел топ Алматыдан тікұшағымен аттанды. Құтқару барысында мұздықтан Ресейдің үш азаматы мен Қазақстанның үш азаматы, сондай-ақ қаза болған бір қазақстандық шығарылды.

Айбек  Смадияров,  ҚР СІМ баспасөз хатшысы:

Кеше Қазақстанның Қырғызстандағы консулына Бішкектің түбіндегі тау басындағы тас құлауынан зардап шеккен Қазақстан азаматтары туралы ақпарат келіп түсті. Біз өз тарапымыздан шұғыл түрде төтенше жағдай комитетімен бірлесіп, арнайы операцияны дайындадық. 

Қаза болған 42 жасар азамат Алматыдағы ғылыми-зерттеу институттарының бірінде қызмет атқарғаны белгілі болды. Ал туристің үшеуі Ресей азаматы болып шықты. Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильинің айтуынша, кәсіби альпинистер өз еріктерімен қырғызстандық "Ақсай тревел" компаниясы арқылы тауға шықпақшы болған.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Олардың барлығы дерлік ер азаматтар. Зардап шеккендердің денсаулықтары келген бойда Алматы әуежайында тексерілді. Алматының медициналық бөлімшелеріне тапсырылды. Дәрігерлердің хабарлауынша, бұл адамдарды ауруханаға жатқызу қажеттілігі болмаған.

Диана Сапарқызы, тілші:

Зардап шеккендердің өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер осылай деп отыр. 6 азаматтың терілері сыпырылып, аяқ-қолдары тасқа соғылған. Ақ халаттылар олардың екеуін үйлерін жіберіп, төртеуін ауруханаға жіберген. Алайда, олар медициналық мекемеге жатудан бас тартқан. Ал тас көшкіні болған жерде Қырғызстан тарапы тергеу-тексеру жұмыстарын бастап кеткен.