Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Астанада алдағы 4 жылда 34 апатты үй сүрілмек

AstanaTV
01.08.2018ж. 20:00
2231
Астанада алдағы 4 жылда 34 апатты үй сүрілмек

Астанада алдағы 4 жылда оң жағалаудағы 34 апатты үй сүріледі. Осылайша бір мыңға жуық отбасы жаңа үйге көшіріледі. Бұл туралы әкімдік мамандары мәлімдеді. Байқоңыр ауданының өзінде 15 үй құлатылса, биыл оның 4-еуі сүріледі. Бірақ апатты үй тұрғындары ескі баспаналарынан қашан көшетіндерін білмей дал. Тілшіміз Дәуренбек Бақдәулетұлы мән-жайды білді. 

Севастопольский көшесіндегі бұл үйдің іргесі сонау 50-60-шы жылдары қаланған. Екінші қабатын сол кездегі жұмысшылар өз қолымен салып алған деседі. Ешбір ыңғайы жоқ үйде 2-ші топ мүгедегі Ольга Құсайынова 30 жылдан бері тұрады.

Ольга Құсайынова, қала тұрғыны:

Нақты ештеңе айтқан жоқ. Хабарлассақ телефон көтермейді. «Бізді биыл көшірмесе басты қатыратын несі бар, пәтерге жөндеу жұмыстарын жасап, отыра берер едік»-дейміз. Енді міне екіұдай жағдайда қалып отырмыз.

Ал Автоматика көшесі 6-шы үйдегі мына 5 қабатты үймен қасындағы қосарланған бір қабатты үй биыл сүрілмек. Бірақ тұрғындар айдаладағы үйден қашан көшетіндерін  білмейді.

Серік Әбдірахманов, қала тұрғыны:

Әкімшіліктер мына 5 қабатты үймен бірге кететін шығар дейді, бірақ ол әлі белгісіз дейді. Енді біреуі сендер жоспарда жоқсыңдар дейді. Түсінбеймін. 

Сарагүл апа, қала тұрғыны:

Жұрт от жағады, анау 5-ші этажға отын шығару да оңай емес қой. Наурызда береміз деген, онан соң шілде, мамыр, шілдеде деді, енді міне тамыз болды.

Әкімдік мамандары да оларды қашан көшіретіндерін білмейді. Бірақ үйлердің сүрілетіні анық. Тізімді аудан әкімі Фейсбуктегі парақшасында жариялаған. Оның ішінде Янкушкевич көшесіндегі мына үй де бар. Ол 2020-21-ші жылдары сүрілмек. Бірақ тұрғындардың жаңа пәтерге көшуге ынтасы жоқ.

Анна Капылова, қала тұрғыны:

Басқа да көшірілген көршілеріміздің пәтерінің ауданы 48 шаршы метр болған, олар қазір 60-65 шаршы метрде тұрып жатыр. Бізге де бір 15-20 шаршы метр қосып берсе көшер едік. Әйтпесе мына тұрған екі үйдің кіреберісі жеке, екіқабатты пәтеріміз бар, бізді әуре етудің қажеті қанша?

Көшірілгендерге жаңа үйді салу «Елорда даму» серіктестігіне жүктелген. Биыл жаңа баспанаға кіретіндер үйі салынған. Сүрілген үйлердің орнына саябақтар, енді біріне бас жоспарға сай басқа нысандар бой көтермек. 

Асхат Елеужанов, құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары: 

2018-2022-ші жылдар арасында 34 көпқабатты үй сүріледі. 733 отбасы жаңа баспанаға көшеді. 15 көпқабатты үй Байқоңыр ауданында. Қазір қанша апаттық үй бар екені сараптама жұмыстары біткен соң ғана белгілі болады.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Әкімдік 2013-2019-шы жылдарға "Елорда даму" мекемесінің құрылыс жүргізуі үшін бюджеттен 40 миллиард теңге бөлген. Салынған үйдің 30 пайызы апаттық үйден көшірілген тұрғындарға берілсе, 70 пайызы сатылып, түскен пайдаға қайтадан жаңа үйлер салынып отырмақ. Мамандар алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасатынын айтып отыр.