Алматыдағы Шығыс айналма жолда 4 жасар баланы қағып, кілемшеге орап тастап кеткен іске қатысты жаңа дерек пайда болды. Бұған дейін көлік соқты деген баланы, өз әкесі соққыға жыққан деген күдік бар. Бүгін қалалық ІІД осындай ақпарат таратты. Департаменттің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, дәл сол күні әкесі ащы судан басы ауырып жұмысқа шыққан. Бүлдіршін артынан қалмай қойған. Ертіп шыққан, алайда мазасын алған соң, баласын қолына түскен таспен ұрғанын полицияға өзі айтып берген.
Жерден тасты алдым да, ұлыма: "Болды тыныштал, жүгіре берме", - дедім. Артынша қалай болғанын түсінбей қалдым. Тас тура басына тиіпті. Сол жерде ол жерге құлады. Дереу: "Ұлым, тұршы орныңнан, есіңді жи, ұлым", - дедім. Бірақ тұрмады. Мен ешқандай көмек көрсетпестен, тұрдым да, автобусқа отырып, жұмысыма кеттім. Әрине, болған жайтқа өкінемін. Өз кінәмді толық мойындаймын. Маған кешірім болмас, мен құзырлы орган алдында, халық алдында қателігім үшін кешірім сұраймын. Жазамды өтеуге дайынмын.
Еске салайық, оқиға 16 шілде таңғы сағат 11-ге таман болған еді. Жолдың тасасында әлсіреп жатқан баланы адамдар тауып, телефонға түсіріп, әлеуметтік желіде таратқан болатын. Бұған дейін бүлдіршінді көлік қағып кеткен болуы мүмкін деген жорамал айтылды.
Тергеу осы бағытта жүргізіліп келген болатын.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
Қазіргі таңда аталмыш азамат өз кінәсін толығымен мойындауда. Қылмыстық кодекстің 106 бабының нормаларына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасу үстінде. Оның сөзіне сенетін болсақ, сол күні ішкен екен. Артынан ерген баласы мазасын алған екен оның. Сомен қолына түскен таспен баланың басын жарған.