$484.19 €524.28 ₽5.03
×

Түркия халықаралық қаржылық көмекке мұқтаж болуы мүмкін

AstanaTV
14.08.2018ж. 20:00
2314
Түркия халықаралық қаржылық көмекке мұқтаж болуы мүмкін

Түрік лирасы құнсыздану шегіне жетті. Жыл басынан түрік валютасы 45 пайызға әлсіреген. Елдегі инвесторлар мен халық қаржы дағдарысынан қорқып, долларды жапа-тармағай сатып алуға кіріскен. Түркия президенті  Реджеп Тайып Ердоган валюталарының күрт төмендеуін Құрама Штаттардан көріп отыр. Бұған себеп Дональд Трамп жұма күні Түркиядан жөнелтілетін алюминий мен болатқа баж салығын екі есе көтеру туралы шешім шығарған болатын. Өз кезегінде, бұл санкция түрік лирасының әлсіреуіне әкеп соқтырған. Қазір Түркияда 1 доллардың құны 7 жарым лираға тең.

Тайып Реджеп Ердоған, Түркия президенті:

Бір жағынан біз АҚШ-пен НАДО одақтасымыз. Ал басқа жағынан қарасақ, олар стратегиялық серіктесіне ту сыртынан пышақ ұрып отыр. Бұндай бола ма екен?! Біз бұл шабуылдарға Қаржы министрлігімен бірігіп төтеп беруге барлық әрекеттерді жасап жатырмыз. Менің ойымша, валюта бағамы қайта қалпына келеді.

Ал сарапшылар, лираның күрт әлсіреуі Анкарамен әріптестік орнатқан өзге елдерге соққы болады деп отыр. Құлдыраудың әсерін алдымен еуропалық банктер сезінбек. Ал шетелден 200 миллиард доллар қарыз алған Түркия, енді бұл қомақты қаржыны жаңа бағаммен қайтаруы тиіс.

Майк Инграм, WH IRELAND инвесткомпаниясының бас стратегі:

Қазіргі кезде Түркия қандай да бір әрекет жасауға кіріскеніне күмәнім бар. Бұл мемлекет көптеген инвесторлардың орталығы болған. Менің ойымша, бұл жердегі мәселенің себебі қазір Ердоғанның дәуірінде экономикалық институттар нарықта қысым көріп отыр.