Жыл соңына дейін елде 250-ге жуық IT сынып ашылмақ. Жастар техникалық сауаттылықты арттыру үшін қолға алынған жобаның игілігін көре бастады. Мыңға жуық болашақ программист өз білімдерін практика жүзінде меңгеріп жүр. Сондай-ақ нұротандықтар елдегі кітапханаларды да электронды жүйеге ауыстырудың қамына кіріскен. Бүгін партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бірнеше нысанға барып, жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында әр аймақта IT сыныптар мен орталықтар ашу қолға алынды. Соның бірі бүгін Астаналдағы көлік және коммуникация колледжінде ашылды. Мұнда білім алатын 2500-ге жуық болашақ программист пен теміржолшы арнайы құрылғылар көмегімен бағдарламалау, робототехника және 3Д модельдеуді үйренеді.
Зулфухар
Ғайыпов, Астана қаласы көлік және
коммуникация колледжінің директоры:
Теміржолдың
бәрін біртіндеп автоматтандыруға көшіп келе жатыр. Ал олардың негізгі атқаратын
жұмысы соның бәрін автоматтандыруға біз де жаңағы IT-ді дайындаймыз. Бірақ осы
теміржол саласына бейімдеп. Сол себептен бұлардың болашағы өте күшті.
Қазіргі кезде Астанада 11 IT-сынып жұмыс істейді. Бұларда осы салаға бейім 225-ке жуық бала техниканың қыр-сырын жетік игеріп жүр. Ал елде 100-ден аса осындай компьютерленген кабинет бар. Нұротандықтар бұл мамандыққа қызығушылық жоғары дейді. Сондықтан жыл аяғына 250-ге жуық, ал алдағы 3 жылда 1000-ға жуық IT-сыныптар ашуды жоспарлап отыр.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Бүгінгі күні сарапшылардың айтуы бойынша, бала кезден жастарды бағдарламалауға тартатын болсақ, балалардың ойлау жүйесін дамытуға үлкен әсерін тигізеді екен. Өздерінің креативті адам болып тәрбиеленуіне үлкен үлесін қосады деп мамандар айтуда. Жалпы мына 21 ғасырдың мамандықтарына балаларды тартуға сол мамандықтардың негізін үйретуге біз партия өз үлесімізді қосудамыз.
Партия төрағасының бірінші орынбасары №5 кітапханаға да ат басын бұрды. Мұнда келушілер іздеген кез-келген кітапты мына электронды жүйе арқылы жылдам әрі тез таба алады. Алайда Мәулен Әшімбаев елде бас-аяғы 12 000-ға жуық кітапхана жұмыс істегенімен, келушілер саны әлі аз екенін жасырмады. Сондықтан партияның бастамасымен кітапханаларды заманауи білім ортасына айналдыру ісі басталып кетті.
Сабина МӘДИҚЫЗЫ