$472.49 €515.44 ₽5.41
×

Маңғыстау облысы Қызылтөбе-2 ауылының оқушылары бір жарым шақырым жердегі мектепке жаяу баруға мәжбүр

AstanaTV
16.08.2018ж. 20:00
6897
Маңғыстау облысы Қызылтөбе-2 ауылының оқушылары  бір жарым шақырым жердегі мектепке жаяу баруға мәжбүр

Маңғыстау облысының Қызылтөбе 2 елді мекеніндегі оқушылардың бір бөлігі жаңа оқу жылында көрші ауылдағы мектепке қатынап оқуға мәжбүр болмақ. Облыстық білім беру басқармасы осындай шешім шығарған. Бұған ата-аналар үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Себебі жаңа мектеп 1,5 шақырым жерде орналасқаны өз алдына, оған оқушылар жаяу қатынауы мүмкін. Өйткені жергілікті билік әзірге арнайы көлік мәселесін де шешпеген.

Нөмірі алтыншы орта мектеп 10 мың тұрғыны бар Қызылтөбе 2 ауылындағы жалғыз білім ошағы. Бұған дейін балалардың алаңсыз білім алуларына ешқандай кедергі болмаған. Алайда оқу жылы басталуға екі апта ғана қалғанда тұрғындар оқушылардың бір бөлігі көрші ауылға қатынап оқиды деген жаңалықты естіп, мазалары қашты. 

Шынар Құдайбергенова, Қызылтөбе 2 ауылының тұрғыны:

Көзіміздің алдында аман, тірі жүргенін жақсы көреміз. Үйіміз мектепке тиіп тұр. Қалай ит өлген жерге жүгіртіп, қыстың суығында, жаздың ыстығында жіберуім керек? Жолда не болады, я же не знаю?

Клара Базарова, Қызылтөбе 2 ауылының тұрғыны:

Маған қиын болды. Мен ұйықтай алмадым. Менің үш қызым осы жерде оқиды. Қатынатып оқыту қиын. Пропискам осы жақта болғанда, осы жақта оқыту заңды.

Белгілі болғаны - ауылдағы 960 орындық мектептегі оқушы саны 3100-ге жеткен. Ал көрші Шаған елді мектебінде, керісінше, бала саны аз. Ондағы 1000 орындық мектепке 1-інші қыркүйекте 300 бала ғана барады. Сондықтан білім саласына жауаптылар Қызылтөбе мектебіне баратын оқушылардың бір бөлігін көрші ауылға ауыстыратын болып шешкен. Бірақ мұның өзі білім ордасындағы мәселені шешпейді.

Гүлмира Мамаева, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:

Ол мектепте үш ауысымды болып қала береді. Дегенмен ата-аналарға балаларын басқа мектепке ауыстыруға ешкім мәжбүрлемейді, ерікті түрде болады. Қазір мұғалімдер оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мамандар бұл мәселені тек жаңа мектеп салып қана шешуге болады дейді. Бірақ ол тек жоспар ғана. Әзірге белгілісі бірінші қыркүйекте көрші ауылдағы мектепке 350 оқушы ауыстырылмақ.