$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбеде жол ақысы төрт есеге өспек

AstanaTV
20.08.2018ж. 20:00
2692
Ақтөбеде жол ақысы төрт есеге өспек

Ақтөбеде қоғамдық көлік жолақысы төрт есеге өсуі мүмкін. Қызмет көрсетуші мекемелер қалалық маслихатқа осындай ұсыныс жолдаған. Содан бері бұл мәселе қызу талқыланып жатыр. Егер ұсыныс қабылданатын болса, қыркүйектен бастап ақтөбеліктер жолақысына үйреншікті 55 теңгенің орнына 200 теңге төлейтін болады.

Жолақысын көтереміз дейсіңдер. Ұят емес пе?!

Қоғамдық тыңдауға жиналғандар жаңалықты естігенде осылай айқайға басты. Халық жолақысын бірден көтерудің себебін түсінбей дал. Олар қызмет көрсету сапасының төмендігіне шағымданды. Көпшілігі «Автопарк» ЖШС және «Жолаушылар автокөлік кәсіпорны» ЖШС мекемелерінің ұсыныстары тым қымбат дегенді айтады.

Әже:

Бұл сұмдық! Сұмдық!  Бір жерге барып келдің бес жүз теңге жоқ. Бұл дұрыс емес.

Ер адам:

200 теңге қарапайым халық үшін өте көп. Мысалы, елу-алпыс мың айлық алатындар бар. Олардың бала-шағасы бар. Шаруамен жүргенде әрі таксимен жүрмейді. Автобуспен жүреді.

Светлана Мусинаның 15 баласы бар, олардың дені мектепке барады. Отбасы қаланың шетінде тұратындықтан, балалар мектепке қоғамдық көлікпен қатынап оқиды. Жеңілдік болған күннің өзінде шығынға батамыз деп отыр.

Светлана Мусина, көп балалы ана:

Менің он төрт балам оқушы. Биыл мектеп автобусы болмайды дейді. Балаға жүз теңге дегенде мың төрт жүз күніне тек мектепке баруға кетеді. Қайтуымен 2800 теңге. Айына алпыс бес мың тек автопаркқа беріп отырамыз деген сөз.

Ал қызмет көрсетуші компанияның өкілдерінің де өз уәжі бар. Олар өздерінің шығынға батып жұмыс жасап отырғандығын айтты. 

Батырбек Қуатханов, «Жолаушылар автокөлік кәсіпорыны» ЖШС бөлім бастығы:

Қазіргі таңда жанармай бағасы көтерілді. Қосалқы бөлшектер көтерілді. Жүргізушінің жалақысы төмен. Соған байланысты проезд көтеруді сұраймыз.

Ал шенділер мен депутаттар бағадан шошынған халықты сабырға шақырып әлек. Десе де тарифтың қаншалықты өсетіні әзірге белгісіз дейді. Айта кету керек, болашақта Ақтөбеде электронды билет тарату жүйесі енгізілетін болады. Бұл кезде жолақысы қолма қол ақшаға қарағанда арзан болмақ.

Сұлупан Шынтасова, Ақтөбе қалалық маслихатының хатшысы:

Бізге бұл перевозчиктер алып келу керек финансовый справкаларын издержкасы болып тұрғанын рас па, жоқ па, оны подтверждающий құжаттары керек. Соны қарап, біз шешім береміз. Келісім беруге.

Бақыт Рахметова, тілші:

Жол ақысына қатысты тап осындай қоғамдық тыңдаулар әлі қаланың бірнеше аудандарында өткізілетін болады. Ал нақты шешімді келер  аптада қалалық маслихат депутаттары қабылдайды. Бір анығы, жаңа тарифті қыркүйек айының басынан бастап енгізу көзделіп отыр.

Бақыт РАХМЕТОВА