$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылордада мүгедектерге жағдай жасамаған автобус жүргізушілеріне айыппұл салынуы мүмкін

AstanaTV
24.08.2018ж. 20:00
4510
Қызылордада мүгедектерге жағдай жасамаған автобус жүргізушілеріне айыппұл салынуы мүмкін

Аялдамада тұрған мүгедектерді автобусқа отырғызбаған жүргізушілерге айыппұл салынуы мүмкін. Қызылордадағы қоғамдық кеңес мүшелері осындай ұсыныс айтып отыр. Өйткені қоғамдық көлік жүргізушілері арбаға таңылған жандарды діттеген жеріне жеткізуге құлықсыз. Тіпті аялдамаға тақалып тоқталмай, түсуіне көмектеспейтін көрінеді. Тілшіміз Шарипа Сақтапова мүгедектермен аялдамаға шығып көрді.

Арбаға таңылған мүгедек жандар қоғамға пайдасын тигізуге тырысады. Бірі шеберханаға асықса, енді бірі қоғамдық жұмыстармен айналысады. Сондықтан көп жүруге тура келеді. Ал қаладағы екі түйір инватакси жеткіліксіз. Жарымжандар жаңа автобустар шыққалы жағдай жеңілдейді деп ойлаған. Бірақ автобустар тоқтамай өтетін көрінеді. Мына аялдамадан 10 минут ішінде 10 автобус өтті. Оның жартысы тоқтамай кетті.

Александр Ульяновский, 1 топ мүгедегі:

Өздерінің міндетін барлығы бірдей орындамайды. Аялдамадан алыстау тоқтап, өздерің түсіңдер дегендері де бар. Ал аялдама мен жердің арқашықтығы 10-12 сантиметрдей. Жол қауіпсіздігін сақтау үшін автобус аялдамаға жақын тоқтауы тиіс. Көбісі бұл ережені сақтамайды. Тіпті уақытымыз жоқ деп кеткендері де бар.

Қазір арнайы пандустар орнатылған 113 автобус 5 бағытқа қатынайды. Бірақ қаладағы 900 мүгедек оны пайдалана алмайды. Олардың шағымынан соң арнайы рейдтер жүргізілген. Қоғам белсенділері жауапсыз жүргізушілерге талапты күшейтуді ұсынып отыр.

София Теңізбаева, Қызылорда қаласы қоғамдық кеңес мүшесі:

Біздің ұсынысымыз - айыппұл салу. Автобусты аялдамада дұрыс тоқтатпай, мүгедек арбаға таңылған байқұс кісіні аялдамада жалғыз тастап кете беретіндер бар. Арбаның орын алатыны тағы бар. Сондықтан кісі қарасы көп кезде оларға тұратын адамдарды алған тиімді.

Кондукторлар мен жүргізушілер аптасына бір рет арнайы нұсқаулықтан өтетін көрінеді. Жауапсыздармен автопаркте әңгіме қатаң. Мекеме басшысының орынбасары Қанат Рахметов осылай деп отыр. Әлеуметтік желіден немесе парк сайтына келіп түскен әрбір шағым шаммен қаралып, тексеріледі. Ал аялдамада автобусты дұрыс қоймаған жүргізушілерді полиция да жазалайтын көрінеді. 

Қанат Рахметов, «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары:

Негізгі дисциплинарлық шешімдер, тәртіптік жазасын қараймыз. Әрине, бұл қайталанған жағдай болатын болса, ең ақырғы шешім қызметтен босатуға дейін. Көптеген азаматтарымызды жұмыстан шығарып босатқан да болып жатырмыз. Дегенмен көп жағдайда ол кісілерге барлық мүмкіндікті жасауға тырысып жатырмыз.

Ермек Серікбаев, қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

1493 қоғамдық көлік жүргізушілеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оның ішінде басым көпшілігі автокөлікке жүргізушілердің артық адамдарды мінгізу деректері көптеу анықталды. Заң жүзінде айыппұлдар салынып, басқа да, егер соттың құзыретіндегі әкімшілік құқық бұзушылықтар болса, сотқа жолданып жатыр.

Мүгедектердің жанына бататын тағы бір мәселе - пандус. Соңғы 2-3 жылда барлық жерге орналастырылды. Десе де көбі бейімделмеген. "Тіпті мүгедек кісілер жиі баратын облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өзіндегі пандус икемсіз, стандартқа сай", - емес дейді арбашылар.

Шарипа САҚТАПОВА