Тишин кенішіндегі құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Осымен үшінші күн мамандар «ҚазЦИНК»-тің Риддер тау-кен байыту кешеніне қарасты үйінді астында қалған машинисті таба алмай жатыр. Басшылықтың мәліметінше, 24-ші тамыз күні кеніште топырақ қабаты үгітіліп, құлаған. Сол маңдағы машинист үйінді астында қалды. Құтқару жұмыстары сол күні басталғанмен, кеншіні аршып алу мүмкін болмай тұр. Бүгінде Тишин кенішінде өндіріс жұмыстары толық тоқтаған. Тау массасының көшу қаупі бар аумақтарды нығыздау, қоршау қолға алынды. Бұған 40 адам мен 5 бірлік техника тартылды деп хабарлайды компания басшылығы.