Алматыда Халықаралық әуежайдың күту залдары кеңейтіледі. Бүгін мекеме басшылығы баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді. Вице-президент Александр Гордеевтің айтуынша, соңғы кезде әуежайда адам қарасы көбейген. Залдар жолаушыларға лық толады. Осыны шешу үшін жоспарлау жұмыстары басталыпты. Әуежай ғимаратының жалпы аумағы 24 мың шаршы метр. Ал жолаушы тіркеуден өткеннен кейінгі зал көлемі 850 шаршы метр. Терминал сағатына 1600-ге жуық жолаушы қабылдайды. Оларға жағдай жасау үшін ескі ғимараттағы VIP-терминалды жалпы залға қосу көзделіп отыр.
Александр Гордеев, «Алматы Халықаралық әуежайы» АҚ вице-президенті:
Адам көп келетін уақыттарда ғимаратта орын болмай қалады. Бұл соңғы екі жылда байқалып отырған мәселе. Өздеріңіз ұшақпен қатынаған болсаңыздар, көрген де боларсыздар. Осы келеңіздікті шешудің тиімді жолы ескі VIP-ғимаратты жалпыға қосу болып тұр. Бірақ жоспарды іске асыруға ескі ғимараттың сәулет ескерткіші тізіміне енетіні бөгет болып отыр.
Тағы бір проблема - ұшақтарға жиі кедергі келтіретін қанаттылар мәселесі. Әуе кемесінің ұшу алаңындағы кең алқап құстардың қоректенетін жеріне айналған. Әуежайға соңғы үлгідегі технология орнатса да, олардың бетін қайтару мүмкін болмай отыр. Қанаттылар биоакустикалық қондырғылар, газды, лазерлі, дабыл бергіш техникаларға да уақыт өте үйренісіп кетеді, дейді вице президент.
Александр Гордеев, «Алматы Халықаралық әуежайы» АҚ вице-президенті:
Құстардың әуе кемесімен соқтығысатыны рас. Жақында "Эйр Астана" компаниясы да бұл мәселені көтерген. Қазір аудандық әкімдікпен, облыстық құзырлы орган өкілдерімен бірлескен жұмыстарға кірістік. Яғни ұшу алаңындағы өсімдіктерді құстарды қызықтырмайтындай желекке ауыстыруды көздеп отырмыз.