Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Павлодарда жаңа оқу жылында 9 шағын мектеп жабылды

AstanaTV
27.08.2018ж. 20:00
2881
Павлодарда жаңа оқу жылында 9 шағын мектеп жабылды

Павлодар облысында жаңа оқу жылында 9 шағын мектеп жабылып қалды. Өйткені мұндай білім ошақтарындағы бір баланы қамту үшін бюджеттен жылына 3 миллион теңгеге дейін қаражат жұмсалатын көрінеді. Ал жабылған 9 мектептен қанша қаражат үнемделеді? Ал оқушылары мен мұғалімдер тағыдыры қалай шешіледі? Тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы мән-жайын білді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қарабұзау ауылындағы бұл бастауыш мектебі 1975 жылдан жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында мына парталарда жылына кем дегенде 5-7 баладан білім алатын. Алайда, биылғы жаңа оқу жылында мұнда қоңырау соғылмайды.

Бастауыш сыныптың мұғалімі Элиса Анзорова үйреншікті жұмыс орнына соңғы рет келді. Құжаттарды реттеп, әр баланың портфолиосын әзірлеп жатыр. Осы кабинетте тапжылмай 22 жыл бала оқытқан ол мектепті жабу туралы хабарды естігенде құлазығанын жасырмады. Дегенмен оқушыларының болашағы үшін бұл дұрыс шешім,- дейді ұстаз.

Элиса Анзорова, бастауыш сынып мұғалімі:

Біздің мектепте спортзал деген атымен болмаған. Бұл -бір. Екіншіден, асхана да жоқ еді. Оқушыларымыз үлкен қоңырау кезінде үйлеріне барып, тамақтанып жүрді. Маған бірден жұмыс табылды. Енді Харьковка ауылындағы мектепте 1-ші сыныпқа жетекшілік етемін.

Бұл мектептегі екі мұғалім де жаңа жұмыс тапқан. Ал оқушылар бұдан былай 10 шақырым жердегі Харьковка ауылындағы мектепте білім алады. Ол жаққа оқушыларды арнайы автобус апарып-әкеледі. Биыл үшінші сыныпқа көшетін Данил Уманцев үлкен мектепте оқитынына қуанып жүр. 

Данил Уманцев:

Ол жақтағы мектеп үлкен! Балалар да көп. Спорт залы бар. Енді менің достарым көбейеді.

Қарабұзау ауылында бұрын 500-дей тұрғын болса, қазір 90 адам қалған. Сондықтан 40 жылдай жұмыс істеген мектептің жалғыз кабинетінде ғана сабақ жүргізіліпті. 2-ші сыныпта екі, 4-ші класта үш оқушы оқыған. Ал биылғы жаңа оқу жылында үш баладан өтініш түсті. Сондықтан білім мекемесінің жабылуы экономикалық тұрғыдан тиімді, - дейді шенділер.

Дархан Рамазанов, Ақтоғай аудандық білім беру бөлімі басшысының орынбасары:

Үнемделетін қаражат 13 млн теңгеден астам. Бұл қаражат, әрине, білім саласында қалады. Мұны біз басқа мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсаймыз.

Білім беру басқармасының мәліметінше, Павлодар өңірінде мұндай шағын мектептер көп. Олар білім беру ошақтарының 62 пайызын құрайды. 225 шағын мектепте 15 мыңнан астам бала білім алады. Бұл қаладағы 85 мектепте оқитын оқушылардан 4 есеге аз. Биыл облыс бойынша 9 білім ошағы жабылған. Оның жетеуі шағын мектеп. Шенділердің есебінше, шағын мектептегі бір баланы қамтуға жылына 400 мың теңгеден 3 млн-ға дейін қаржы жұмсалады. Сондықтан оңтайландыру арқылы бюджет 152 млн теңгеге үнемделмек.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ