Өскеменде Алтайдан табылған екінші «Алтын адам» жұртшылық назарына ұсынылды. «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық конференциясында бас қосқан Еуропа, Ресей мен Қазақстан ғалымдары Шығыс Қазақстанда соңғы үш жылдап жүргізілген қазба жұмыстарын қорытындылады. Архелогтардың жетістігін Абзал Құрманкин әңгімелейді.
Шығыс Қазақстандағы Берел, Елеке Сазы, Аблай Хийд пен Шелек алқабында 3 жылға созылған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде барлығы 5 мыңға жуық бірегей жәдігер табылған. Ең айшықтысы - екінші «Алтын Адам» екені даусыз. Көшпенділердің көсемін археолог Әбдеш Төлеубаев Шелек алқабындағы 16-қорғанда тапқан. Алтыннан жасалған киімнің жалпы салмағы 5 келіден асады. Елеке Сазы аймағында да біраз құнды заттарға қолымыз жетті. Профессор Зейнолла Самашевтың айтуынша, қорымдар әлі түгел зерттеліп біткен жоқ. Сондықтан қазба жұмыстарын жалғастырған жөн дейді.
Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы:
Қазбаны тоқтатпау қажет. Себебі бір қорымға қарап, біз темір дәуірінің мәдениетін толық зерттей алмаймыз. Сондықтан дәл осындай ежелгі мазардың бірнешеуін қарастырып, көне халықтың тұрған жерін анықтау қажет.
Ал Аблай Хийд атты буддалардың монастырында ежелгі қолжазбалардың үзінділері табылды. Кітапханадағы құнды манускриптардың басым бөлігі орта ғасырларда Ресейдің Санкт-Петербург қаласына шығарылған. Қазір ғалымдар көне сызбаларға сүйеніп, тарихи ескерткішті қалпына келтіруді көздеп отыр.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қазір біздің басты мақсатымыз - бұл кітапхананы қалай да болса табу. Бұл нысан мәдени мұра болып саналады.
Берель аймағы мен Шығыс Қазақстанның өзге де киелі жерлерінде мұражай тұрғызу жоспарда бар. Аймақта 23 туристтік бағыт құрылған. Жолдар жүйесін қалпына келтіруге өңір бюджетінен 5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Аида Балаева, ҚР Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:
Өңір басшысының алдағы жоспары ерекше әсер қалдырды. Бұл жұмыс халықаралық деңгейде жүргізілмек. Өзге аймақтар да осы бағытта жұмыс істейді деген сенімдеміз.
А.ҚҰРМАНКИН