«Медеу» шатқалында қирандыға айналған шыршаларды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Іле Алатауы ұлттық паркінің мамандары осы күнге дейін қатты дауылдан құлаған ағаштардың орнына Тянь-Шань шыршаларын, қайыңдар мен жеміс ағаштарын отырғызуды қолға алған. Алты жыл бұрын болған табиғат апатынан 480 гектар жер зардап шекті. Қазір адам қолы жететін жерлердің 60 пайызы игерілген. Арнайы тәлімбақта күз басталысымен қарағай бүрлерінен ұрық алынып, ол көктемге дейін бапталады. Олар жетілген соң, дауылдан соң қираған қылқан жапырақтылардың орнына отырғызылады. Жыл сайын шамамен 9 гектар аумаққа өсімдіктер егіледі дейді, ұлттық парк қызметкерлері. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 209 млн теңге қаржы бөлінген. Жарқын Жұмай, Іле Алатауы ұлттық паркі Медеу филиалының инженері:
Бұл өзіміздің кәдімгі Тянь-Шань шыршалары. Төрт жылдық ағаштарды отырғызамыз, оған дейін ағаштың шишкасынан бастап жинаймыз. Дәнін кептіріп, қыста қардың астында сақтаймыз, 4 жыл болғанда тауға апарып егеміз.
Сондай-ақ 2012-жылы осы Медеу шатқалындағы «Махнатка» аймағы өртенген еді. Ол кезде тілсіз жау 18 гектар жерді шарпыды. Орманшылар осы өрт болған аумақтарға да түрлі ағаштар егіп, қайта қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр. Қазір өсімдіктердің қурап жатқан кезеңі болғандықтан, өрт қаупі жоғары. Оны бақылау үшін 35 инспектор жұмыс жасайды.
Марат Досымов, Іле Алатауы ҰП «Медеу» филиалының директоры:
Біздің Іле Алатауы ұлтық
паркіне келген демалушылардан сұрайтынымыз - өрт қауіпсіздігін сақтаса екен,
келген демалып отырған жерлеріне қоқыс қалдықтарын қалдырмай, арнайы жәшіктер
қойылған. Өрт кез-келген уақытта шығып кетуі мүмкін, себебі қазір шөп қурап
жатыр.