$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырауда медиация институтын дамыту мәселелері талқыланды

AstanaTV
10.09.2018ж. 20:00
3591
Атырауда медиация институтын дамыту мәселелері талқыланды

Елде осы сияқты кикілжіңдер туғанда медиацияға жүгінетіндер аз. Азаматтар, қит етсе, бірін бірі сотқа сүйрейді. Құзырлы орындарда қаралып жатқан істердің 70 пайызын дауа-дамайсыз шешуге болады. Бірақ жеті жыл бұрын қабылданған «Медиация туралы» заңнан ел-жұрт бейхабар болса керек. Осы орайда сенаторлар Атырауда көшпелі жиын өткізді.

Жоғары соттың мәліметінше, былтыр екі млн-ға жуық адам 900 мыңнан аса іс бойынша соттасыпты. Ағайын араздығы, отбасы, көрші-қолаң, тіпті әріптестермен арадағы ұрыс-керісті медиатордың көмегімен, сотсыз-ақ шешуге болады. Алайда, оған жүгінетіндер жоқтың қасы. "Осыдан жеті жыл бұрын пайда болған "Медиация институтының" аты бар, заты жоқ", - дейді сот өкілдері.

Сағатбек Сүлеймен, ҚР Жоғары соты төрағасының кеңесшісі:

Осы келелі мәселенің шешу жолдарын іздеуде, біріншіден, заңға өзгеріс енгізу, мемлекеттік органдар қызметін медиацияда 100-дің үстінде қоғамдық бірлестіктер бар, солардың жұмысын үйлестіру, орталықтандыру.

Сот қызметі - бюджетке қымбатқа түседі. Баж салығы, адвокат қызметі тағы бар. Дау-дамайды "фемидаға" жеткізбей шешу - қазынаға да көп-көрім үнем. Елде тіпті Медиаторлар қауымдастығы жұмыс істейді. Жер-жерде 371 кәсіби, 3 мыңнан астам кәсіби емес медиатор тіркелген.  21 татуласу орталығы мен 700-ге тарта медиация кабинеті бар.

Жанділдә Әжіғалиұлы, Қазақстан медиаторлар қауымдастығының бас директоры: 

Медиация заңына тағы да бір басқа көзбен қарап, енді жеті жылдан бері тәжірибе бар, басқа көзбен қарап тағы да осы заңды, қоғамымызға судай сіңдіру үшін, қандай да болмасын көмек керек деген сұраққа жауап іздеп жатырмыз.

Қазір медиаторлардың дауды түбегейлі шешуіне 60 күн беріледі. Заңгерлер бұл тым ұзақ екенін айтты. Келешекте оны қысқарту қаралады. Бәлкім, сонда тұрғындар тарапынан қызығушылық оянар.