$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматы мен Ташкент арасына тұңғыш рет тұрақты автобус рейсі ашылды

AstanaTV
11.09.2018ж. 20:00
4174
Алматы мен Ташкент арасына тұңғыш рет тұрақты автобус рейсі ашылды

Бүгіненне бастап Алматы мен Ташкент қалаларының арасына тұрақты автобус рейстері іске қосылды. Осы күнге дейін базарлардан қатынап келген жолаушылар көлігі енді Алматы маңындағы «Үш қоңыр» автобекетінен күніне төрт уақыт жүретін болды. Бұл бағыттағы арнайы жолаушылар рейсі кеңес заманымен бірге келмеске кеткен. Алайда екі ел президентінің былтырғы кездесуінің аясында Алматы-Ташкент арасында «Тальго-тұлпар» пойызы қатынай бастады. Биыл қаңтар айында Шымкент-Ташкент бағытында арнайы автобустар қатынасы жолға қойылды. Енді жолаушылар күмәнді автобустарға емес, билет алып арнайы тексеруден өткен сенімді көліктермен қатынамақ.

Батыр Әшірхан, халықаралық автовокзал директоры:

Өздеріңіз білесіздер, тасымал сапасы өте төмен еді. Ақтөбедегі жағдай, жақында Қордайда болған оқиғаларды айталық. Жаңа автобустар, жаңа тасымалдаушылар қойылды жолға. Жүргізушілердің бәрін қатаң бақылауға алып отырмыз. Жақында ғана 25 жастағы бала автобусты айдап кетіп, бір семьяны қайғыға ұшыратты.

Айта кетейік, қазір Алматы - Тараз - Шымкент бағыты бойынша тәулігіне 200-ге жуық автобус қатынайды. Олардың тең жартысы тұрақты жолаушылар тасымалымен айналыспайды. Ішкі істер министрінің дерегінше, жыл басынан бері 20 адам жолаушылар автобусының қатысуымен болған көлік апаттарынан көз жұмған. Алматыдағы «Сайран» және «Саяхат» бекеттері қазір қайта жаңғырудан өтіп жатыр. Қала әкімі жанындағы қоғамдық кеңес «Сайран» бекетін алдағы уақытта туристік орталыққа айналдыру туралы бастама көтерген болатын.