$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыдағы қазақ театрында дау шықты

AstanaTV
12.09.2018ж. 20:00
4303
Алматыдағы қазақ театрында дау шықты

Ал Алматыда театрда дау шықты. Осыдан екі жыл бұрын ашылған «Алатау» дәстүрлі өнер театрынның қызметкерлері бір-бірімен соттасуға дейін барып отыр. Бір жыл ішінде мәдениет ошағынан 83 адам жұмыстан кеткен. Көбі былтыр театрды басқару үшін тағайындалған жаңа басшыдан қысым көрдік дейді. Ал тиісті органдарға шағымданып, басылымдарға сұқбат берген жұмысшыларды театр директоры сотқа берген. Өнер ордасындағы текетірес туралы толығырақ Ришат Асқарбекұлы.

Қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттау мақсатында ашылған ұжым 260 адамды жұмыспен қамтуы тиіс болған. Қалалық мәдениет басқармасына қарасты мекемеге былтыр жаңа директор тағайындалыпты. Содан бері мәселе туындағанын айтады. Бүгін арнайы баспасөз мәслихатын өткізген театр қызметкерлері, бір жылда 83 адамның жұмыстан шыққанын айтты. Олар басшылық тарапынан психологиялық қысым болғанын жеткізді.

Амангелді Мамырбеков, театрдың бұрынғы қызметкері:

Берік Жүсіпов Мырзағалиұлы ағамыз директор боп келгеннен бастап бәрімізге қысым пайда болды. Қыз болсын, ұл болсын бәріне психологиялық түрде болды. Нақты маған айтқаны, "егер өз еркіңмен жұмыс орныңды босатпасаң, жанұяңмен, үрім бұтағыңмен бір-ақ құртамын" деп айтты.

Бұл шиеленіс театр аумағынан шығып, сотқа дейін жеткен. Адвокат Айман Омарованың айтуынша, ұжымның жетекшісі 30-дан астам адамның үстінен сотқа талап арыз түсірген. Директор үстінен құзырлы органдарға шағымданып, басылымға сұқбат берген қызметкерлерінен моральдық өтемақы талап еткен.

Айман Омарова, адвокат:

Жүсіповтің әрекеттер қоғамда шиеленісті қозғайды. Елдер ойлап отыр енді, бұл не деген сұмдық, сексеннен астам отбасы немесе адам өз жалақысыз қалып отыр. Далада отыр.

Мынау дәстүрлі өнер театрының бұйрықтары тіркелген арнайы папка. Құжат сақтайтын қаптамаларда мамандардың өз еркімен жазған арыздары да сақтаулы тұр, дейді кадр бөлімінің басшысы. Берік Жүсіп сұқбат беруден қашты. Орынбасары былтыр тағайындалған театр басшысы "мұнда ішкі тәртіпті қалпына келтіремін дегені үшін қарсылыққа тап болды" деп есептейді.

Азамат Ақан, «Алатау» дәстүрлі өнер театры директорының орынбасары:

Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша әр адамның өз құқығын қорғауға қақысы бар. Егер оның ар-ожданы тапталып жатса. Біздің директорымыз Берік Жүсіпов өз ар-намысын қорғап қана сотқа беріп отыр. Өз еркімен жұмыстан кеткен жұмысшыларымыз әр жерге, әр мекемеге, құзырлы органдарға шағымданып, жала жауып,  ар-намысын таптап отыр.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Әріптестердің арасындағы текетірестің ақ-қарасын жақында басталатын сот процесі анықтамақшы. Қазір лингвистикалық сараптама тағайындалған. Жұмыстан кеткен қызметкерлердің театр директорына шынымен жала жапқаны анықталса, қомақты өтемақы төлеуге тура келеді. Берік Жүсіпов бұрынғы жұмысшыларынан 10 млн теңге талап етіп отыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ