Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Астанада қоғамдық көліктер жетіспейді

AstanaTV
12.09.2018ж. 20:00
2608
Астанада қоғамдық көліктер жетіспейді

Астанада қоғамдық көліктердің жетіспеуінен балалар сабақтан, үлкендер жұмыстан қалып жатыр. Бас қаладағы ЕХРО маңы тұрғындары уақытында жүріп тұратын  автобусқа зар.  Бір-екі жылда тұтас шағын ауданға айналған қаланың жаңа бөлігіне жолаушы тасымалдау жағы ескерілмеген сияқты. Әріптесім автобустардағы айқай-шуды  өз көзімен көріп қайтты.

Бұл №84, 85-ші мектептерге қатынайтын алпысыншы автобусты күтіп, мазасы қашқан оқушылар мен ата-аналар. Сабақтың басталуына бір сағат қалғанда бәрі осы аялдамаға жиналады. Бүгін тағы тас жолға телміріп тұр. Мектепке тек 60-шы маршрут ғана қатынайды. Кейбірі қоғамдық көлікке сыймай, жолынан қалады. Ал келесіні күткенше оқушылар сабақтан қалады.

Сабақтың басталғанына бір жұма өтті. Көріп жүрген бейнетіміз осы. Күн дейтін аяз, жел тұрады. Бала түгілі үлкен адам шыдап тұра алмайды.

Мен немеремді күнде сабаққа шығарып саламын. Тағы екі жасар баламен жүремін. Біз автобусты 1 сағат күттік. 45 минут деген - ең азы. 

Ақерке Бектас, тілші:

Қазір біз тұрған аялдамаға автобус сағат бірде келуі қажет еді. Біз де мұндағы тұрғындармен бірге қоғамдық көліктің келуін күттік. Бірақ кестеге сай жүретін автобус, уақытынан 45 минут асса да, қарасын әлі көрсетпеді.

Бұл - Астанадағы беткеұстар Есіл ауданы, ЕХРО маңы, Ұлы дала көшесінің тұрғындары. Бір жылда мұнда жүріп-тұратын сегіз автобустың жартысы қысқарып, төртеуі ғана қалған. Тұтас шағын ауданға ол жетпейді.

Күнде осылай, кешке де таңертең де. Барлығы сығылысып, бір-бірінің бастарына мініп бара жатыр.

Ал «Астана LRT»  қалада автобус жетіспейтінін мойындады. Бұрын-соңды қатынаған қоғамдық көліктерді уақытша басқа автопаркке берген көрінеді. Осы аптаның ішінде қайтарып аламыз деп сендірді. 

Науат Азанбаева, «Астана LRT» ЖШС баспасөз хатшысы:

Қазір бұл автобусты қатаң бақылауға алдық. Осы аптадан бастап, барлық 8 автобус желіге қосылып, уақытында жүретін болады. Жолаушылар тарапынан келіп жатқан арыз-шағымдарды ескереміз.

Былтыр ғана бой көтерген жаңа ауданда қаланың басқа да бағыттарына қатынау қиындық туғызады. Жауапты компания ақсап тұрған инфрақұрылымды жуық арада қалпына келтіруге тырасамыз деді.