Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қызылжарда бірнеше аурухана біріктірілмек

AstanaTV
12.09.2018ж. 20:00
2412
Қызылжарда бірнеше аурухана біріктірілмек

Петропавлда емхана тапшы. Қаладағы емдеу мекемелері тұрғындарды шамадан тыс қабылдайды. Белгілі бір орынға шақталаған ғимаратқа екі есе көп науқас келеді. Жергілікті билік жаңа аурухана салуды жоспарлап отыр. Ғимараттың мекен-жайы белгілі. Бірақ, құрылысы әлі басталған жоқ. Шенеуніктердің жоспарын Абзал Құрманкин білуге тырысты.

Мынау қаладағы №1-қалалық емхана. 30 мың адамға шақталған мекемеде қазір 68 мың азамат тіркелген. Ғимарат шамадан тыс адам қабылдауға мәжбүр.

Светлана Кашенцева, қалалық № 1-емхананың бас дәрігері:

Біздің әрбір терапевт дәрігері 2200 адамның орнына 2600 азаматқа қызмет көрсетеді, ал жалпы тәжірибедегі дәрігерлерге 1700 адам тіркелуі тиіс, бірақ тұрғындардың саны 1,5 есе көп.

Қаладағы басқа 4 емхананың да проблемасы осы. Билік өкілдері мәселені көпсалалы аурухана салу арқылы шешеміз дейді. Орталық 700 адамға арналмақ. Онда кардиология, онкология сынды диспансерлерді қосқанда 7 мекеме бір ауруханада орналасады.

Мариям Бапанова, СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Ауруханада көптеген мамандар бірікпек. Бұл қызмет сапасының көтерілуіне ықпал етеді. Белгілі бір аурумен түскен науқасты бірнеше маман бір уақытта қарап, дереу диагнозын қояды. Яғни, тұрғындар дертін анықтау үшін қазіргідей ауруханаларды аралап, қаланы шарлап жүрмейді. Бірден емі ауруына сай тағайындалады.

Жаңа орталық ашылса, кадрға сұраныс артатыны заңдылық. Өңірде қазірдің өзінде 200-ден астам дәрігер тапшы. Кадр дефицитін жою үшін жергілікті университетте биыл медициналық факультет ашылған. Бірінші курсқа 300-ге жуық студент қабылданыпты. Бірақ оның тең жартысы Үндістаннан келген .

Әсет Ізденов, Манаш Қозыбаев ат. СҚМУ жоғары медицина мектебінің директоры:

Біз жалпы тәжірибедегі дәрігерді, бала дәрігері мен терапевтерді дайындаймыз. Олар 5 жыл жалпы медицинаны зерттеп, 2 жыл интернатурада оқиды. Биыл түскен түлектердің 112-сі қазақстандық, қалғаны Үндістаннан келгендер. Үндістер оқу бітірген соң, үйлеріне қайтады. Ал өз студенттеріміз елінде қызмет етпек.

Абзал Құрманкин, тілші:

Заманауи аурухана шаһардың қақ ортасында шамамен 5-6 гектар жерге жайғаспақ. Мына жер үйлердің барлығын сырып тастау көзделуде. Әрине, ірі нысанды тұрғызу бір екі жылдың ішінде тындырылатын жұмыс емес. Қазір жоба әзірлену үстінде. Шенеуніктер оны келесі жылы бастауды жоспарлап отыр.

Әзірге жоба құны белгісіз. Оған қоса қаржы көзі қайдан алынатыны да басы ашық күйі қалып отыр. Себебі жергілікті бюджет алып ғимарат құрылысын бір өзі көтере алмайтынын айтты. Айта кету керек, ел тәуелсіздік алғалы Қызылжарда бір де бір аурухана салынбапты. 

А.ҚҰРМАНКИН