Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақстанның жастар ұйымдары Ұлттық патриоттық актіге қол қойды

AstanaTV
17.09.2018ж. 20:00
4881
Қазақстанның жастар ұйымдары Ұлттық патриоттық актіге қол қойды

Елдегі жетекші жастар ұйымдары Ұлттық патриоттық актіге қол қойды. Бұл шара жастар арасындағы қарым-қатынасты реттеп, ұйымдар арасындағы ұйымшылдықты арттыра түсірмек. Келісім «Жастар - Отанға» атты жоба аясында бекіді. Аталмыш жоба осымен 10-шы мәрте қатарынан өткізіліп отыр. 

Бурабайда «Жас Отан» жастар қанатының «Жастар - Отанға!» лагері 170-тен астам жасқа есігін ашты. 2009 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан лагерь биыл да барлық аймақтартан келген жас көшбасшылардың басын қосты. Лагерьдің ашылуына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты. Жастармен еркін әңгіме құрып, сауалдарына жауап берді. Бірқатар тапсырма да жүктеді. 

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасымыз Қазақстан алдына бүгін үлкен стратегиялық мақсат қойып отыр. Кешенді жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру. Бұл бағдарлама экономика, рухани, әлеуметтік жүйені қамтитыны белгілі. Бұл бағдарламаның бірден бір мақсаты - халықтың жағдайын дұрыстау, күшейту, әл-ауқатын арттыру. Мұны да сіздер жастарға түсіндірулеріңіз керек.

«Жастар - Отанға!» жастар саяси лагерінің жұмысы 19 қыркүйекке дейін жалғасады. Биылғы лагерьдің ең басты жаңалығы - Қазақстан жастарының Ұлттық патриоттық актіге қол қоюы. Бұл - Қазақстанның жас көшбасшыларының ынтымақтастық құжаты болып табылады.

Нұржан Жетпісбаев, Қарағанды облыстық «Жас Отан» ЖҚ төрағасы:

Партияның жаңа, заманауи жобаларын іске асыруда қандай менеджементті қолдану керек деген сабақтар мен тренингтарды үйреніп жатырмыз. Бұл партияға ең алдымен кадрлар жүйесін қалыптастыратын үлкен мектеп болып табылады.

Лагерь қонақтарының қатарында қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары, белгілі мамандар мен спортшылар бар. Қонақтар жас көшбасшылармен табысқа жету жолдарымен бөлісіп, өз салаларындағы соңғы тенденциялар жайлы сөз қозғайды. Осылайша, жастар бес күн бойы пайдалы кеңестер алып, өзара пікір алмаспақ.