Болашақ паралимпиада чемпиондары бүгін республикалық «Жұлдызай» спартакиадасына жиналды. Өз өңірлеріндегі іріктеуден өткен 400-ден аса ерекше күтімді қажет ететін балалар шағын футбол, голбол, жеңіл атлетика, жүзу және үстел теннисінен бақ сынайтын болады. Сондай-ақ спартакиада бағдарламасына асық ату мен бес тас ұлттық ойындары енгізілген. Сайыс биыл екінші рет «Нұр Отан» партиясы, Білім және ғылым министрлігі, Паралимпиада комитетінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Мақсат - мүмкіндігі шектеулі балалардың қатарластарымен тең дәрежеде білім алуымен бірге, спорттық жарыстарда да талабын ұштау.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Бүгінгі спартакиаданы батылдық пен төзімділіктің, қайрат мен қажырлықтың салатанаты деп айтсақ, ешқандай артық болмайды. Бүгін осында еліміздің барлық облыстарынан балалар келіп, өздерінің өнерлерін, өздерінің спортқа деген құлшынысын көрсетуге дайын екенін көріп отырмыз. Бүгінгі спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тілейміз.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың спортпен толыққанды айналысуына әлі де мүмкіндік жоқ. Бұл проблема оларды спартакиадаға іріктеу кезінде байқалған. Оған өңірлердегі 97 мамандандырылған интернатта және үйден білім алатын 3 мыңға жуық жасөспірім қатысқан.
Алтынай Тәңірбергенова, «BI-Жұлдызай» ҚҚ директорының орынбасары:
Ондай балаларға спартакиадаға қатысатын жолдарын ашу керек немесе балалардың спартакиадаға дайындалатын спорт залдары болу керек. Мүмкіндіктер болу керек. Мұғалімдер болу керек. Сондықтан осындай сұрақтарды қозғау үшін, мүмкіндігі шектеулі балалардың спортқа қол жеткізуі үшін, жолдарын ашу үшін осы спартакиаданы ашып отырмыз.