Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Елімізде «English for Jastar» жаңа жобасы басталды

AstanaTV
20.09.2018ж. 20:00
3696
Елімізде «English for Jastar» жаңа жобасы басталды

Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл. Бүгін жер-жерде “English for Jastar” жобасы басталды. Тың бастама мектеп оқушыларына ағылшын тілін қосымша оқытуды көздейді. АҚШ, Еуропа және Азия мемлекеттерінен келген ағылшын тілді мамандар мен осы тілді жетік меңгерген қазақстандық студенттер балаларға сабақ бермек. Бастамаға «Жас Отан» Жастар қанаты және «Болашақ» Қауымдастығының мұрындық болды. 

 «English for Jastar» жобасына қатысушылардың көбісі ағылшын тілін жетік білетін, шетелде тәжірибе жинақтаған студенттер. Олар партияның бастамасын бар ынтасымен жүзеге асыруға мүдделі. Жоғары оқу орнының 3 курсында оқитын Әсия Сүндетбаева осы жобаға қатысуды азаматтық парызы санайды. Өйткені білімді ұрпақ -кемелді келешек кепілі дейді.

Әсия Сүндетбаева:

 Менің ойымша ауыл-аймақтардағы мектеп оқушылары ағылшын тілін оқытуда, ағылшын тілін білуі өте маңызды. Өйткені ағылшын тілі әлемдік деңгейдегі тіл. Сондықтан ол біздің еліміздің болашағы, еліміздің ертеңі сол үшін өз бар білімімді сапалы түрде беремін деген ойдамын.

Жаңа бастама Батыс Қазақстан облысының алты ауданында да қолға алынды. Кейін облысты түгел қамту жоспарда бар. Осылайша, жоғары сынып оқушылары сабақтан тыс уақытына күніне 2 сағат ағылшын тілін үйренуге ден қояды.

Ерлік Шамғалиев, «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы саяси жұмыс бөлімінің консультанты:

Осы жерде қазіргі таңда жүзден астам балалар осы жобаға қатысуға, соның ішінде ағылшын тілін меңгеруге өздері ұсыныс-тілектерін білдірген екен. Сол бойынша қазіргі таңда біздің еріктілер оқушыларға арнайы тест жүргізіп, бұйырса осы екі ай көлемінде 20 қарашаға дейін өз жұмыстарын жүргізетін болады.

Ал Павлодар облысында жаңа жобаны жүзеге асыруға 12 студент тілек білдірген. Тілі үйрететін екі тәлімгер шетелде білім алыпты. Ал кейбір дәрістер жуырда ашылған коворкинг орталықтарында жүргізілмекші. Айта кетейін, тіл үйренгісі келгендердің жасына шектеу жоқ.

Санира Жүсіпова, Павлодар облысы «Жас Отан» ЖҚ төрайымы:

Ең басты мақсаты - осы біздің жастардың және ауыл жастарының ағылшын тілін сөйлеу және жазу біліктілігін арттыру болып табылады.

 «English for Jastar» партиялық жобасы 2 айға созылады. Ел аймақтарында шет тілін меңгертіп, тіл үйренуді барыншы жеңілдету - осы жобаның басты мақсаты.

Еркін КАРИН