$464.72 €496.32 ₽5.4
×

Теңгенің рубльге «байлануы». Бюджет қаржысын ұрлаудың жаңа фактісі

AstanaTV
22.09.2018ж. 20:00
2757
Теңгенің рубльге «байлануы». Бюджет қаржысын ұрлаудың жаңа фактісі

Теңге аздап позициясын қайтара бастады. Аптаның екінші жартысында 1 долларға шаққанда 360 теңгеден түсті. Жалпы, теңгенің «тәлтіректеуіне» байланысты Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың депутаттық сауалына тоқталғым келеді. Ол ірі экспорттаушылар ғана пайдалы - теңгені әлсірету әрекетін сынайды. Қазақстандық өнім өндірушілерді несие мен салықтарды азайту арқылы қолдауды ұсынады. «Бүгінде өнеркәсіпті қолдау теңгенің әлсіз бағамына негізделген, ресей рубліне байланған саясат. Қазақстанның сыртқы саудасы жылына 78 млрд доллар, оның тек 16 млрд-ы немесе 20 проценті ғана Ресеймен. Оның үстіне Ресей импорты жыл сайын азайып келеді. 2013 жылы 18 млрд-ң тауары тасылған, ал былтыр 11 млрд ғана. Сондықтан ресей тауарларының экспанциясы теңгенің санкциялық қысымға ұшыраған рубльмен бірге «жүзуінен» қауіпті емес», дейді депутат. Көрші елмен шекарадан өтетін арзан тауардың жолын кесу үшін қазір теңге бағамы рубльге байланған.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 

Дүкендердегі азық-түлік, басқа да тауарлардың жартысы импорт. Доллар қымбаттаған сайын бағаны өсіретін қауіп те жоғары. Осыған қарап-ақ отандық өнеркәсіпті дамытуға болар еді. Бағаның көтерілуін тоқтату үшін тұтынушы кәрзеңкесіндегі азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары және жиһаз өндірісін дамыту керек. Мысалы, баланы мектепке шілде айында дайындау 100 мың теңге тұрса, тамызда 140 мыңға бір-ақ шықты. Осы позициялар бойынша отандық өнеркәсіпті өркендете алмайтынымыз ба? 

 Ауыл шаруашылығы өнімдерін де, жеңіл өнеркәсіпті де өркендетуге мүмкіндік зор екенін кім білмейді? Өркендемейтінін де кім білмейді? 

 Аптада Президент Н.Назарбаев Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годуновамен кездескен. Бар мәселе бюджет қаржысының тиімді пайдаланылуы мен оны ұрламау. Годунова қаржылық құйтырылықтарды баяндап қоюдан кетіп, тиімділікті бағалауға көшіп жатқандарын айтқан.

 Ал кеше Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Сенат қабырғасында тиісті заңға енгізетін түзетулерге сәйкес, әкімдер мен министрлер қол астындағылардың коррупциялық әрекеті үшін жауапкершілік арқалайтынын айтты. Екі аспектіні атаған: біріншісі - сипаты саяси болып есептелетін мемлекеттік қызметкерлер -мемлекеттік органдардың жетекшілері мен әкімдер өздері жұмысқа алған адам жемқорлықпен ұсталып, сотталса, отставкаға кетуі керек. Екінші қыры: оларға тікелей бағынатын әкімшілік қызметкерлер – департамент директорлары, басқарма басшылары, бөлім жетекшілері ұсталса, тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Бектеновтің айтуынша, осындай норманың болмауы жемқорлыққа қарсы әрекеттердің тиімділігін төмендетіп отыр. Өзгерісті жақында Мәжіліс талқылайды екен.

Олжас Бектенов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары:

 АҚШ-та полицей ұсталса, қатаң тексеру жүреді. Басшыларымен қарым-қатынасына дейін. Ал Сингапурде тіпті қатаң. Кеденші ұсталса, онымен бірге істегендер түгел жұмыстарынан кетеді.

 Ал ұрлағанда да міз бақпай жымқыру туралы бір жап-жаңа факт - «Астана Боттлерс» ЖШС мен «КазАгроПродукт» АҚ басшылары сотталды. Астана мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, бұл компаниялар 700 млн теңге ұрлаған. «Астана Боттлерс»-ң бас директоры Есіркепов пен атқарушы директоры Тешабаев және «КазАгроПродукт» төрағасының орынбасары Күзембаев. «Астана Боттлерс» ультра пастерленген сүт шығаратын өндірісті іске қосуы керек болған. 700 млн теңгені «КазАгроПродукт» мемлекеттік компаниясы береді. Алайда әлгі үшеуі ымыраласып, ақшаны аффилирлі компаниялардың есеп-шоттарына аударады. Сөйтіп мемлекет қаржы құйған кәсіпорын ашылмайды, тиісінше, 1 литр де сүт өндірілмейді. Үшеуі ол ақшаға автомобиль, Еуропада демалуға жолдамалар сатып алған, сонымен бірге біреуінің қарызын жапқан. Тергеу кезінде үшеудің мүліктері бұғатталыпты – 970 млн теңгеге бағаланған. Судья Есіркеповке 8, Тешабаев пен Күзембаевқа 7 жылдан берген. Бюджет қаржысын өзінің отбасының «жаңғыруы» үшін деп танитындар туралы әңгіме көп қой, негізі...