$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қазақстанда әскери және азаматтық бронды техникалар шығарылады

AstanaTV
30.11.2015ж. 20:00
1990
Қазақстанда әскери және азаматтық бронды техникалар шығарылады

Астанада дөңгелекті бронемашиналар шығарылады. Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» зауытының салтанатты ашылуына қатысты. Бұл отандық «Қазақстан инжиниринг» пен оңтүстік африкалық «Парамаунт Групп» компанияларының бірлескен жобасы.

Зауыт директорының сөзінше, жоба инвесторлар қаражатына ашылды. Тартылған қаржы көлемі - 7 млрд 80 млн теңге. Орталық Азияда теңдесі жоқ зауыттың қуаты жылына 120 бронды машина шығаруға қауқарлы. Өнімнің басым бөлігі әскер үшін шығарылады. Болашақта азаматтық бронды техника шығару жоспары бар. Мәселен, инкассаторлық машиналар. Зауыттағы 150 қызметкер - түгелдей қазақстандық азаматтар. Олар шет мемлекеттерде арнайы дайындықтан өткен. Шыққан көліктің алғашқы елу данасын экспорттау жөнінде келісім бар. 

Ербол Сәлімов, серіктестіктің бас директоры:

Өнімді ТМД елдеріне, жеке келісім бойынша Таяу Шығыс мемлекеттеріне экспорттау туралы келісім бар. Бұлардың қатарына сондай- ақ, Қытай мен Ресей де кіреді. Қазір 50 дана «Барыс» машинасын Иорданияға сату жөнінде келісім жасалды.

Бастапқыда көліктерді қаптайтын болат Оңтүстік Африкадан тасымалданады. Ал келесі жылы Теміртаудың темірін өндірісте қолдану жоспарланып отыр. Ербол Салимов, басты мақсат - өндіріс материалының елу пайызын өзімізден шығару екенін, айтты.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ