Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Астана агломерациясын дамыту бас шаһар әкімдігі мен Үкіметтің мойнында

AstanaTV
21.01.2014ж. 20:00
1361
Астана агломерациясын дамыту бас шаһар әкімдігі мен Үкіметтің мойнында

Астана агломерациясын дамыту бас шаһар әкімдігі мен Үкіметтің мойнында. Елорданы жақын жатқан елді мекендерімен бірге көркейту - басты талап. Оған қазынадан бөлінетін қаражат та аз емес. Сондықтан жуық арада "дербес бағдарлама" әзірленеді. Бұл туралы қала әкімі Иманғали Тасмағанбетов мәлімдеді. Бағдарламаға сәйкес 2017 жылға дейін Астана адам танымастай өзгеруі тиіс.

«Қай халықтың да ертеңге артар үміті көп болады. Кей кісілер оны тек тілекпен күтсе, біреу оған жоспарлы еңбекпен, сенімді жүрекпен жетеді». Сөз басын Иманғали Тасмағанбетов осындай зор үмітпен бастады. Сөйтіп Жолдауда жазылған көп тапсырманы жілік- жілікпен талдады. Басты мәселенің бірі - Астана агломерациясы, оның екі негізгі басым бағыты бар: олар - көліктік жүйе және энергетика.


Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:


Астанада агломерация құру үшін, жеке бағдарламаны Үкіметпен бірлесіп, жасақтаймыз. Себебі ол үлкен қаржы мен елорда маңындағы барлық елді мекендерді қамтуды қажет етеді. Энергетикалық салада жаңа Үшінші жылу электр стансасының құрылысы басталады. 2015-2017 жылдары Астанада 88 шақырым жылу магистральдары пайдалануға берілмек.


2017 жылға дейін елордада екінші вокзал салынып, әуежай терминалы кеңейтіледі. Кіші көліктік айналма жолы салынады. Алқымға жармасқан баспана мәселесі де назарда дейді әкім: 5 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспары бар. Ал қаланы көк түтіннен құтқару жолы - ең әуелі «Экотакси» жүйесі: 2014 жылы қалаға су жаңа 350 автобус берілуі тиіс. Бас шаһар басшысы бизнес саласын да талқылап өтті.


Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:


Бизнеске ең бірінші мемлекет қолдау білдіруі тиіс. «Жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 2017 жылға дейін шағын және орта бизнес саны 54 жетеді. Сондықтан біз нақты мақсат қойдық. Жоспар бойынша 2020 жылға қарай аймақтық өнімде қызмет көрсету үлесін 80%-ға жеткізу міндетті.


Астана мектеп пен балабақшадан таршылық көрмеуі тиіс. Көшіп келушілер саны көп болғандықтан, бұл мәселе тежеліп тұр әзірге. Биыл 17 балабақша мен 10 мектеп пайдалануға беріледі. Сөйтіп, 2016 жылы үш ауысым жүйесі толық күйреуі тиіс. Ал медицина мекемелеріне жүктелген басты міндет - тек сапалы қызмет.


Сәбит Әбдірайымов, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:


Ильинка поселкесінде салынып жатыр 150 келушіге емхана. Сол жақ жағалауда 19-көшенің бойында салынып жатыр. 2014 жылы үш мемлекеттік емхана іске қосылады деп үміттеніп отырмыз.


Емханалар бой көтеруде, ендігі мәселе - ақ халаттылар тапшылығы. Бір ғана Астанада әлі күнге 1200 дәрігер жетпей тұр... Жиында сөз алған сан сала өкілдері осындай олқылықтарды жақын болашақта шешуге кірісті.


Сымбат  МОЛДАТАЙ