Непалдағы
жойқын зілзаланы көзімен көрген павлодарлық көп балалы ана Светлана Кузина
үйіне аман-есен оралды. Ол: "Соңғы екі аптада болған оқиғалар, өткенімді
саралап, өміріме өзгертулер енгізуге жетеледі", - дейді. Енді шетелге
саяхаттауда аяғын аңдап басатынын айтады.
Зілзала болған кезде Павлодар
тұрғыны бағыттағы автобуста болған. Кенеттен көлік жолдан шығып, аударыла
жаздағанда, жолаушылар тасыр-тұсыр еткен дыбысты жарылыс деп ойлаған. Бірақ кейіннен жойқын жер сілкінісінің болғанын біледі. Жерлесіміз Катманду қаласының
шетінде жалдап тұрған үйіне екі тәулік бойы кіре алмаған. Сондықтан далада
түнеуге тура келіпті. "Бізді Ресейдің мәдениет орталығына жеткізгенде ғана, жүрегім орнына түсті", - дейді көп
балалы ана.
Светлана
Кузина:
Барлық
орыс тілді азаматтарды қабылдады. Ешкімді бөліп-жарған жоқ. Қай елден, қай
ұлттан деп сұрамады. Қол ұшын беріп, көмектесті. Содан кейін Ресей төтенше
жағдайлар қызметінің екі ұшағы келіп, бізді Мәскеуге алып кетті.
Светлананың айтуынша, ресейлік ұшаққа Катманду
қаласынан 300 адам отырған. Барлығы да бұрынғы Кеңес Одағы аумағындағы
мемлекеттердің азаматтары. Мәскеуде бір апта күтуге тура келеді. Алайда,
саяхаттап үйренген отбасы үшін бұл уақыт бекер өтпеген. Балалар Қызыл алаңға
барып, көрші елдің Астанасында қыдырады. Енді, міне, туған ауласында алаңсыз
ойнап жүр. Әйтсе де, балғындардың
санасында Непалдағы сол сұрапыл күн бүгінгідей жаттаулы.
Радомира
Кузина:
Үй иесі келіп, бізді далаға алып шықты. Жасыл
алаңқайда анамызды күттік. Анам келген соң, үй ішін жинастыра бастадық. Бірақ тағы да сілкініс сезілді. Содан тағы далаға шықтық. Далада отырып, «Қазақстанда
жақсы! Онда қауіпсіз» деп армандайтынбыз.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ