$498.55 €524.28 ₽4.75
×

«Қазақ елі» монументі маңында бірлік күні аталып өтті

AstanaTV
01.05.2015ж. 20:00
2048
«Қазақ елі» монументі маңында бірлік күні аталып өтті

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні! Астана айтулы мерекені жылдағы дәстүрге сай «Қазақ елі» алаңында атап өтті. Еліміздің бас алаңында Президент халықты мерекемен құттықтады. Мемлекет басшысы осы ауызбіршілік пен татулықтың арқасында еліміз әлі талай табыстарға қол  жеткізетінін айтты. 

Бірлік пен ынтымақ, татулық пен тыныштық салтанат құрған бас алаңда табиғат та тамылжып тұр. Иә, Астананың аспаны бүгін шайдай ашылды. Көкте көгершіндер көп қалықтады. Бас алаңға ағылған жұрт осы көрініске куә болып, мәз-мәйрам.

Мемлекет басшысы соңына саяси элитаны ерітіп, арнайы тігілген ақ шатырға жайғасқан соң, мерекелік тілегін жеткізді. Президент сайлауда сенім артқан қазақ еліне қолынан келгеннің барлығын атқарып шығуға серт берді. «Мен бұл iске адалмын және Қазақстанның көркеюiне, халықтың жағдайының арта беруiне, бiздi әлем сыйлай түсуiне, алдымызда тұрған мiндеттердi сәттi атқаруға, мемлекет пен болашақ буын алдында қарызымды өтеуге тырысамын», - деді ол. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мына жарқыраған көк аспанда алтын күнді сәулесі түсіп тұрған елімізде көптен бері біраз тойлар болып жатыр. Бірлікті бүкіл Қазақстан халқы сайлаудың барысында дүние жүзіне көрсетті. Барша қазақстандықтарды осы тамаша мерекемен құттықтап, бақ-береке, денсаулық, болашақ тілеймін. 

Мереке күндері көпшілікке көңіл күй сылайтын әншілер, сахна сыртында тағатсыздана өз кезектерін күтіп жүр. Алаңға қыдырып келгендер болса, өз кумирлерімен суретке түсудің оңтайлы сәтін жіберіп алғысы жоқ.

Әдетте мейрам күні сахнаға халық әндерін шырқап шығатын ұлт өкілдерінің бүгін мың бұралған билері өзара үйлесім тауып жатты.

Алаң аумағында жағалай этноауыл жайқасқан. Бұл күні елордадан бөлек, өзге де қалаларда этномәдени бірлестіктер өз ұлтының достық дәстүрі мен қонақжайлығын паш етті. 

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ