$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірқатар сын айтты

AstanaTV
02.07.2014ж. 20:00
1878
Нұрсұлтан Назарбаев индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірқатар сын айтты

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған 70-ке жуық жоба толық қуатында қарқын ала алмай отыр. Жалпы кәсіпорындардың тек 80 пайызы ғана жоспарға сай жұмыс істеуде. Даму бағдарламасының бірінші жарты жылдық нәтижелерімен танысқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар сын айтты.

Мемлекет басшысы бірнеше жаңа жобаны да іске қосты. Кейбірінің құрылысын бастауға онлайн режимінде рұқсат берді. Президент Қазақстанның экономикалық дамуына қажетті қарқынды енді ғана алып жатқанын атап өтті. Жаңа жобалармен тілшіміз Айгүл Әдепбай да танысты.

Индустриялық-инновациялық жобалардың кезекті легінің тұсаукесері су жаңа Назарбаев орталығында өтті. Сыртқы пішіні ерекше ғимараттың іші де көз тартады. Төбесі жылуды күн көзінен алады. Сөйтіп энергияны үнемдейді. Жылдағы дәстүр бойынша есеп беруге министрлер кабинетінің мүшелері түгел жиналды. Бұрынғы министрлер де осында. Басқосу алдында суретке түсіп жатқандар да бар. Салтанатты ғимаратқа енген бетте Президент индустрияландыру картасының көрмесімен және Елбасы кітапханасымен танысты.

Бірер минуттан соң нысандардың іске қосылу түймелері бірінен соң бірі басылып жатты. Сөйтіп Президент бірнеше жобаның тамырына қан жүгіртті.

Жұмысты бастауға рұқсат беремін. Уақытында іске қосатын болыңдар.

Бүгін 8 жаңа нысан пайдалануға берілді. Елбасы сондай-ақ «Қорғас-Шығыс» қақпасы арнайы экономикалық аймағының құрғақ порты және Семей қаласындағы электр беру желілерін салуға онлайн режимінде рұқсат етті. Бас аяғы 20 жобаның іске қосылғанын айтып өткен Президент атқарылатын шаруаның әлі шаш етектен екенін ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

В программу включались проекты, не имеющие прямого отношения к индустриализации. А основную часть все равно составили сырьевые проекты. Это не плохо. Но наша задача - строить обрабатывающую промышленность. Машиностроение. В итоге мы наблюдаем замедление экономического роста развития.

Бағдарламаның алғашқы бес жылдығында алаулатып-жалаулатып іске қосылған жобалар бүгінде 100 емес, 80 пайызға ғана жұмыс істеп тұр. 70 жоба толық қуатында қосылмай отыр. Ал 17 жобаның жұмысы тіптен кібіртіктеп жатқан көрінеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мы не смогли создать критическую массу успешных индустпроектов, основанных на инновациях, современных технологиях. И таких проектов, которые послужили бы стартовой площадкой для индустриальной революции, стали бы ядром отрасли.

Елбасы қуаты 45 мгвт болатын Ерейментаудағы өнеркәсіптік жел паркінің құрылысы барысымен де танысты. Алдағы меже - нысанның қуатттылығын 300 мегаваттқа дейін арттыру.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жел соғып тұрғанын микрофоннан байқап тұрмын. Салып жатқан жел стансасы жақсы жұмыс істейді деп санаймын. 45 мегаватт деген қазіргі Петропавл, Көкшетауда тұрған электр стансаларымен бірдей. Мынау неге айналмай тұр? Жібермейсіңдер ме ананы?

Инновациялық инфрақұрылымды дамыту да - маңызды бағыттың бірі. Қазір елде сандық телевизия қарқын алып келеді. Халықтың 50 пайызы осы жаңашылдықтың игілігін көріп отыр. Алайда Президент көпшілікке теледидар көріп жата бермей, жұмыс істеу керектігін ескертті.

Телевизор көре бермей, жұмыс істеу керек.

Президент таныстырылым барысында жеңіл өнеркәсіп туралы бір ауыз сөз айтылмағанын ескертті. Бұл сала - қолдауды қажетсініп тұрған бағыттың бірі. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне әлемдік сұраныстың екі есе артатынын тілге тиек еткен Елбасы әлі де нарыққа бейімделе алмай жатқан шаруаларға қарата сын айтты.

Наши сельчане должны, наконец, понять, что бесплатного ничего нет. Получить кредиты, а потом продлят и ходят закредитованными до ушей и выше, так не пойдет дальше. Плохие компании должны подвергаться жесткому банкротству и передаваться более работающим людям.

Президентке тосын сый да жасалды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның "Құрметті металлургі" төсбелгісімен марапатталды.

Я думал, что я давно почетный металлург, а вы мне только сейчас даете.

Қазақстан болашақта Еуразиялық экономикалық одақтың инвестициялық орталығы ретінде танылуы мүмкін. Ал екінші бес жылдықта "Индустриялды державаға" айналуымыз керек. Бұл бесжылдықтың инвестициялық жоспары 6,6 трлн теңге болмақ. Оның 90 пайызы жеке инвестиция болуы тиіс. Алғашқы жарты жылдықта 21 жоба іске қосылып, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Қалған алты айда Үкімет 100 жобаны жүзеге асырып, 8 мың адамға жұмыс береміз, дейді. Енді қызыл ленталар қиылып, алаулатып ашылған кәсіпорындардың қарқынын қадағалау ғана қалды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ