$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Ардагерлер Жеңіс күніне арналған үлкен шеруге қатысу үшін Елордаға бет алды

AstanaTV
06.05.2015ж. 13:00
1072
Ардагерлер Жеңіс күніне арналған үлкен шеруге қатысу үшін Елордаға бет алды

Бүгін Петропавлдық ардагерлер Жеңіс күніне арналған үлкен шеруге қатысу үшін Елордаға аттанды. Арасында 1945 жылдың мамырында Мәскеудегі салтанатты шеруге қатысқан майдангер Қабин Мырзағұлов та бар. Қарт жауынгер кезінде Мәскеуді фашисттерден қорғау жолында шайқасқанын мақтанышпен еске алады. Артиллерия бағыттаушысы болған ол, жауды шегіндіріп, Еуропаның талай елдерінен өткен. Берлинді алуға үлес қосқан. Қан майданда екі рет жараланғанын айтады. Соғысты бастан-аяқ көрген Қабин Мырзағұлов бүгін Астанаға бару үшін таң сәріден жолға қамданды.

Қабин Мырзағұлов, Отан соғысының ардагері:

Көптен парадқа барғамыз жоқ, не Москваға, не Астанаға. Енді қазір қуаныш. Көргіміз келеді соған барып. Қартайғанда көру керек қой. Бұдан былай, көреміз бе, көрмейміз бе?

Жалпы, Астанадағы Жеңістің жетпіс жылдығына арналған салтанатты шеруге аймақтардан барлығы 200-ден аса соғыс ардагері шақыртылған. Қариялар жол ауыртпашылығын арқаламауы үшін, оларға арнайы ұшақтың қызметі ұсынылды. Петропавлдағы ардагерлерді жергілікті билік өкілдері мен жастар салтанатты түрде шығарып салды. Айта кету керек, биыл Мәскеудегі басты шеруге Қазақстаннан 6 соғыс ардагері барады.

Абзал ҚҰРМАНКИН