$506.21 €568.42 ₽6.3
×

Германияда теміржолшылар ереуілге шықты

AstanaTV
06.05.2015ж. 10:00
1202
Германияда теміржолшылар ереуілге шықты

Германияда, темір жол транспорты машинистерінің кәсіподағы ереуілге шықты. Олар наразылық шараларын 10-мамырға дейін жалғастыратындарын ашық айтты. «Рейтерс» ақпарат агенттігінің ақпаратына сай, пойыз рейстерінің тоқтауы кестенің бұзылуына әкеп соқтырған. Осыған орай, кәсіподақ жалақыны бес пайызға жоғарылатуды және жұмыс аптасын екі сағатқа, яғни 37 сағатқа дейін азайтуды сұрап отыр. Сонымен қатар тек машинистермен ғана емес, өзге де қызметкерлермен, соның ішінде жолсеріктермен жаңа еңбек келісім-шартын жасауды талап етеді. Темір жол компаниясы басшыларының айтуынша, кәсіподақтың бұл әрекеті, концерн мен жолаушыларға ғана емес, неміс экономикасына да зиян келтіруде.

Еске салсақ, өткен айда машинистердің 43 сағатқа созылған ереуілінен Германиядағы халықаралық рейстердің үштен екісінің тоқтатылып, ел экономикасы күніне 100 млн еуро жоғалтқан еді. Күн сайын концерн темір жолмен 5,5 млн жолаушы мен 629 мың тоннаға жуық жүк таситын. Демек темір жол концерні - Германиядағы негізгі бизнестің бірі болып саналады.

Барбара Шавала:

Бізге Килден Магдебургаға дейін бару керек. Бірақ біз аттап баса алмай отырмыз. Бір пойыз өтіп кетті, бізге велосипедпен жүретіндерге онда орын болмады. Біз түсінеміз, бұл - ереуіл, бірақ ұзаққа созылатын түрі бар.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ