$473.59 €544.68 ₽5.94
×

Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі: стратегиялық жобаның іске асырылу барысы

31.07.2026ж. 22:34
Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі: стратегиялық жобаның іске асырылу барысы
фото: gov.kz

Қазақстанда стратегиялық инфрақұрылымдық жоба – Каспий теңізінің түбімен транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда, оны пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған болатын. Қазіргі кезең кабельді тасымалдау мен тиеудің практикалық теңіз фазасына бағытталған, деп хабарлайды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.

Дайындық кезеңі аясында 2025 жылы камералық және теңіздік инженерлік ізденістер аяқталып, якорь тұрақтары мен әскери оқу-жаттығу аймақтарын айналып өтетін, оңтайлы бағыт анықталды. Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан экологиялық рұқсат алынды. Сонымен қатар Қытайда ROPA типті оптикалық күшейткіштері бар арнайы брондалған кабель өндіріліп, зауыттық тестілеуден сәтті өтті. Одан кейін жоба теңіз жұмыстарының белсенді фазасына көшті.

Бұған дейін Қытайдан Құрық портына жеткізілген оптикалық кабель мен жалпы салмағы 600 тоннаны құрайтын үш үлкен тасымалдау себеті (баскет-корзина) арнайы логистикалық кемеге жүктеліп, Бакуге жеткізілді. Бүгінгі таңда бұл көлік себеттері толығымен босатылып, барлық цифрлық артерия тікелей кемедегі арнайы cable tank-ке сәтті тиелді. Осылайша, кеме Баку портынан шығып, Ақтау порты бағытында желі құрылысына кірісті.

Осындай күрделі міндетті орындау үшін динамикалық орын ауыстырудың озық жүйесімен жабдықталған, су сыйымдылығы 20 000 тоннадан асатын  ең қуатты кабель төсеуші кеме тартылды. Бортта техникалық қадағалау мамандары мен «Қазахтелеком» өкілін қоса алғанда, 70 экипаж мүшесі жұмыс істеуде. Жоба «Қазахтелеком» АҚ және «Azertelecom Int.» ЖШС құрған CaspiLink B.V. (бұрынғы Caspinet B.V.) бірлескен кәсіпорны арқылы жүзеге асырылуда. Кеме палубасында төтенше жағдайлар немесе үзілістер орын алған жағдайға арналған арнайы түйістіру бөлмесі (Jointing Room) орнатылған.  Қазіргі уақытта онда кабельдің екі ұшы – қазақстандық және әзірбайжандық бөліктері орналасқан, ал барлық талшықтар мен оптика сынақтан өтіп үлгерді.

Қолайлы ауа райы жағдайында су асты кабелін тікелей төсеу жұмыстарын аяқтау 15-20 күн ішінде күтіледі, ал резолюцияға сәйкес барлық технологиялық жұмыстар мен іске қосу-жөндеу кешенін іске асырудың жалпы мерзімі 2026 жылдың соңына дейін белгіленген.