Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Алматылық электрик Ұлы Отан соғысы туралы фильмнің басты рөлін ойнады

AstanaTV
05.05.2015ж. 20:00
1910
Алматылық электрик Ұлы Отан соғысы туралы фильмнің басты рөлін ойнады

Алматылық қарапайым электр маманы ресейлік режиссерлерді таң қалдырды. Ұлы Отан соғысы туралы көркем фильмге шақырту алған қазақ баласы Мәскеуде өткен кастингте жүздеген үміткерлер арасынан басты рөлге лайық деп танылды. Өткен жылдың жазынан бастап түсірілген фильм жақында прокатқа жол тартпақ. Туынды соғыс жылдарындағы екі жауынгердің басынан кешкендері жайлы. Алматыдағы алғашқы көрсетілім Отан қорғаушылар күнімен тұспа-тұс келіп отыр.

Әмір Алматыдағы жеке фирмалардың бірінде электр құралдарын жөндеуші болып еңбек етеді. Өткен жылы жас жігіт Мәскеуде Жеңістің мерейтойына арналған киноға іріктеу жүріп жатқанын естиді. Бала кезінде бір-екі рет қазақстандық режиссерлердің киноларында төбе көрсеткен ол мүмкіндікті мүлт жібермеуді жөн көрген. 

«Мосфильм» киностудиясында өткен кастингте таңдау 23 жастағы жерлесімізге түседі. Режиссер Карен Шахназаров «Дорога на Берлин» туындысының басты рөліне жүзден астам үміткердің арасынан Әмірді бекіткен. Фильмнің мақсаты - соғыс жылдарындағы ұлттар бірлігі мен шығыс халықтарының ерлігін көрсету еді. Қазақ жауынгері Жорабаев Алматы облысы Талғар елді мекенінен соғысқа аттанады. Әңгімеге шорқақ болғанымен, ол алдыңғы шепте кескілескен ұрыс арасында жүрген. 

Әмір Әбдіхалықов, актер:

Қатардағы жауынгер Жорабаев - өте байсалды адам. Орыс тілін нашар білгендіктен, ол көп жағдайда үнсіз қалады. Бірақ өзінің ішкі жан-дүниесі мен батырлығын эмоциямен білдіріп жатады. Мен де бар өнерімді салып ойнауға тырыстым. Кейіпкерді ашу үшін Кеңес өкіметі кезінде түсірілген фильмдерді көп қарадым.

Фильм Эммануиль Казакевичтің «Двое в степи» деп аталатын шығармасының желісімен түсірілген. Қатардағы қазақ жауынгерінің тағдырына арналған туынды соғыс жағдайындағы адамгершілік қарым-қатынасты, досқа деген жанашырлықты  суреттейді. Басты кейіпкерлердің тілі әртүрлі болса да, екеуара ұғынысып кетеді. Қос сарбаздың достығы арқылы жеңіске деген құлшыныс бейнеленген. 

Әмір көркем фильмнің Мәскеудегі тұсаукесерінен оралды. Ресейлік көрермен туындыны жақсы қабылдаған. Қазір еңбек демалысында жүрген жігіт өзінің үйреншікті жұмыс орнына қайта оралмақ.

Әмір Әбдіхалықов, актер:

Өз жұмысымды да тастап кеткім келмейді. Мен ол жерден сұранып кеткен болатынмын. Егер алдағы уақытта ұсыныстар болып жатса, екеуін де қатар алып жүремін деген ойдамын.

Түсіру тобы 7 мамырда Алматыда бас қосады. Қаладағы ірі кинотеатрлардың бірінде «Дорога на Берлин» фильмінің тұсаукесері өтпек. Фильм авторлары жауынгер Жорабаевтың туған елі бұл киноны жоғары бағалайды деген сенімде. Премьерадан соң фильм үлкен экранға жол тартады.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ