Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Ақтауда сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге дейін қымбаттады

AstanaTV
02.06.2016ж. 20:00
1586
Ақтауда сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге дейін қымбаттады

Ақтауда сұйылтылған газ бағасы 27-ден 50 теңгеге дейін қымбаттаған. Сұйық отынның құнын екі есе арттырып, пайда таппақ болғандардың ісін салық комитеті мен монополияға қарсы қызмет өкілдері тексеретін болады. Кәсіпкерлік басқармасының мамандары тиісті құжаттарды қадағалаушы органға жолдады. Ал сұйық отынның зауыттан босатылу бағасы 6 теңге көрінеді.

Венера Мұстафаева, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:

Газ бағасын күрт өсіріп, литрін 50 теңгеден сатқан кәсіпкерлер тізімін салық комитетіне жолдаймыз. Кеше осы мәселеге қатысты салық комитетінің төрағасы орынбасарының қатысуымен жиын өтті. Олар да тексеретіндігін жеткізді. Егер газдың 50 теңгеден сатылғаны расталса, мемлекетке түсетін салық та сәйкесінше өсуі тиіс.

Кәсіпкерлер зауыттан келетін газ көлемінің азаюына байланысты бағаны көтеруге мәжбүр болдық деп отыр. Олардың сөзіне қарағанда, газ өңдеу зауыты көгілдір отынды бұрынғыдан 3 есе аз беретін болған. Әкімдіктегілер болса ішкі нарықтағы сұйылтылған газ көлемі бұрынғы, яғни 12 мың жарым тонна көлемінде қалғандығын айтады. Бірақ станцияларға үлестіру кезінде біршама өзгерістер болған.

Бүгіннен бастап барлық станцияларда газ бұрынғы бағамен, яғни 27 теңгеге сатылып жатыр. Егер кәсіпкерлердің бағаны негізсіз көтергені дәлелденсе, оларға монополиялық кірістің 3 пайызы көлемінде айыппұл төлеуге тура келеді. Заңға қайшы әрекет еткендерге сұйылтылған газ жеткізуден бас тарту мәселесі де қарастырылмақ. 

Мансұр ЕСҚОЖИН