7 мамыр күні Астанада өтетін әскери шеруді тамашалаймын деушілерге арналған
орындар шектеулі. Сондықтан қала әкімдігі елорда тұрғындарын Елбасының
қатысуымен өтетін әскери шеруді мемлекеттік телеарналардан, әрі қалада орнатылатын
5 бірдей лед экраннан тамашалауға үндейді. Айтуларынша өткен жылдар тәжірибесі
көрсеткендей, шеру өтетін алаңға келушілер қатары тым көп болады. Бос орын
болмағандықтан, адамдар қыспақта қалып, жедел жәрдем шақыртатын жағдайлар да
кездескен.
Айта кетейік, алып экрандар Елорданың бірнеше жерінде орнатылады.
Яғни Оқушылар сарайының, Қазақстан спорт кешенінің, Қала әкімдігі ғимаратының,
Хайвелл тұрғын үй кешені мен Бәйтерек монументі алдындағы алаңдарда жұртшылық
Жеңіс құрметіне өтетін мерекені тамашалай алады. Сондай-ақ, осы күні Астананың
бірқатар көшелерінде таңғы сағат 6-дан 14-00-ге дейін көлік қозғалысы
тоқтатылады.
Бақытжан Малыбаев, Астана қалалық ІІД жол полициясы басқармасының бастығы:
Тәуелсіздік даңғылының бойымен Момышұлы көшесінен бастап Қалдаяқов көшесіне
дейін жабылады. Қалдаяқов көшесіндегі М-3 көпірінен бастап, Обаған көшесіне
дейін. Қошқарбаев көшесімен Момышұлы көшесінен бастап, Сарыкөл көшесіне дейін
жабылады. Айнакөл көшесі бойымен Сарыкөл көшесінен бастап Нәжіметдинов көшесіне
дейін көлік қозғалысы тоқтатылады.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА