"ЕХРО" қалашығының нөлдік циклі қазанда аяқталады. Бүгін
Президент көрме кешенінің құрылысын жүргізетін бас мердігерлермен кездесті.
Қазір аумақта қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Негізгі нысандардың қадасы
да қыркүйекте қағылмақ. Ал бүгінгі жиында заманауи қалашықта орын тебетін
сауда орталығының атауына дейін пысықталды. Мөлдір Бақыт-қызы сабақтайды.
"ЕХРО" қалашығы турасында таныстырылған бейнеролик естеріңізде
ме? Сол көрініс қаз қалпында осы аумақта бой көтереді. Бояуы қанық, пішіні
ерекше ғимараттар бастапқы қалпынан айнымай салыну керектігін бүгін Президент
тағы ескертті.
Қазірдің өзінде 700 құрылысшы мен 300 техника аумақты құрылысқа әзірлеп
жатыр. "ЕХРО" қалашығын соғу сеніп тапсырылған серкелер міне. Ең
жауапты әрі ауқымды жұмыс түркиялық "Семболға" жүктелген. Түріктер
420 мың шаршы метрде құрылыс жүргізеді. Компания басшысы қалашықтың қақ
ортасындағы шар іспеттес көрме ғимаратының нобайымен таныстырды. Ол жеті
қабатты. Кейін Назарбаев университетіне ғылыми-зерттеу орталығы ретінде берілуі
тиіс.
Ал "Би-ай Групп" пен "Базис-А" компаниялары 1400
пәтердің салынуына жауапты. Қос компанияға да қаражатты "Бәйтерек"
холдингі бөліп отыр. Кейін көрме өтісімен ВИП-аймақтағы пәтерлерді сатып
қарызды қайтаруға уағдаласқан. Тұрғын үйлердің қасбеті тап осындай түрлі-түсті
болмақ.
Тағы бір маңызды ғимарат - сауда орталығы. 140 мың шаршы метрге созылады. Мұнда
7 мың шаршы метрі балаларға арналған ойын-сауық орталығы, тағы қысқы бақ,
кинотеатр, 22 мейрамхана, мұз айдын, амфитеатр орын тебеді. Бұған да қаражат
"Бәйтеректен" бөлінген. Он жыл ішінде қайтаруға міндетті. Ал атауы
әзірге шартты түрде алынған. Осы тұста Нұрлан Смағұловқа Президентпен
ақылдасуға тура келді.
Жалпы мұндағы ғимараттар тегіс күннен қуат алады. Тіпті бұл аумақта адамдар
қалдыратын қалдықтар қоқыс жәшігінен тікелей зауыттарға өтіп қайта өңделеді. Ал
пайдалынған су өңделіп, шаруашылық мақсатта жаратуға қайта беріледі. Көрменің
басты ерекшелігі үнемшілдік пен баламалы энергия көздерін кәдеге жарату.
"ЕХРО" қалашық тоғыз жолдың торабына айналу үшін, жүрдек
аутобустарға арнайы жолақтар салынады. Атқарылатын жұмыс аса ауқымды. Мемлекет
басшысы қазынадан бөлінетін қаражатты бақылайтын комиссия құруды ұсынды.
Президент жүздеген компания ішінен "ЕХРО" қалашығын салу бақыты
бұйырған мердігерлерге жауапкершілікті сезініп, әлем алдында елімізді ұятқа
қалдырмайтынына сенім білдірді. Бұл мүмкіндік отандық компаниялар үшін,
ынталандыру екенін де атап өтті.
Есеп беруші бас мердігерлердің сөзіне сенсек, құрылыс белгіленген кестеден
бір күнге де қалыспақ емес. Сөз соңында Мемлекет басшысы мердігерлерге қазан
айына дейін негізгі құрылыс нысандарының толықтай қазығын қағып, іргетасын
құйып бітіруді, яғни нөлдік циклді аяқтауды шегелеп тапсырды.
Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ