$516.01 €582.47 ₽6.26
×

Толассыз жауған жаңбырдың кесірінен егін дер кезінде егілмеуі мүмкін

AstanaTV
21.05.2015ж. 13:00
1824
Толассыз жауған жаңбырдың кесірінен егін дер кезінде егілмеуі мүмкін

Қызылжарлық диқандар толассыз жауған жаңбырдың кесірінен егінді дер кезінде егіп үлгермеуі мүмкін. Қазір ауыл шаруашылығы техникалары егін басында емес, көлік тұрақтарында қаңтарылып тұр. Сала мамандары мол астық алу үшін тұқымды маусымның біріне дейін себу керек дейді. Ал синоптиктер, жауын-шашын әлі де жалғасады деген болжам жасауда. Егін алқаптарындағы ахуалды аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин көріп қайтты. Қызылжар өңірінде жаңбыр толастар емес.Салдарынан тұқым себетін техниканың егістік алқаптарына өтуі мұң болды. Қазір көліктер тұрақта. Ал енді бірі, тіпті батпаққа батып, танап басында қалып қойған. Диқандардың айтуынша, күзді күні алтын дәнді мол алу үшін егін науқанын маусымның біріне дейін аяқтау керек.

Сергей Баев, механизатор:

Техниканың тұралап қалғанына бір аптадан асты. Егінді өз мерзімінде ешкім егіп үлгермейтін шығар. Жаңбыр мықтап кедергі келтіруде. Бір техникалық кешен қырда қалып қойды. Ауылдан тым алыс, 20 шақырымдай жерде. Қазір оны бір жұмысшымыз күзетіп отыр.

Тек бір күннің өзінде аймаққа жауын-шашынның бір айлық орташа көрсеткішіне жуық мөлшері түскен.

Абзал Құрманкин, тілші:

Кейбір жерде еріген қар әлі күнге дейін топыраққа сіңіп үлгермеген. Бұл алқаптарда тұқым себу түгіл, диқандар былтырғы егінді жинай алмай әбігерге түсуде. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, су бірер аптада тарап кетсе де, бұл жерге егілген ырыс дәні ертең піспей қалуы мүмкін.

Аудан атқамінерлерінің сөзіне сенсек, тек Мамлют ауданында ғана алқаптардың 10-15 пайызы су астында жатыр. Олар «күннің ашылуын күтуден өзге амал жоқ, десе де, диқандар егінді дер кезіне егіп үлгереді», - деген үміттеміз дейді.

Василий Лисичкин, СҚО Мамлют ауданы Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

Тұқым қоры жеткілікті, диқандар жанармаймен толық қамтамасыз етілген. Техника егістік науқанына сақадай сай. Қазір жаңбыр біткесін, бәрі алқаптарға кіреді. Шаруаларға егістік науқанын аяқтауға 8-10 күн қажет. Бәрі де үлгереді деп ойлаймыз.

Қазгидромет болжамына қарағанда, жаңбыр әлі үш күн жаумақ. Одан әрі күн райының қандай болатыны әзірге белгісіз. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында егін алқаптарының көлемі 4 миллион 400 мың гектар жер. Оның 75 пайызына бидай егілсе, қалғаны - майлы дақылдар.

Абзал ҚҰРМАНКИН